СҚО-да биыл да тасқын болады, бірақ ауқымы әзірге белгісіз — синоптиктер
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан тұрғындары биылғы көктемді қорқынышпен күтіп отыр. Мамандардың есебінше, өңірде 116 елді мекенді су басу қаупі жоғары.

Үрей сейілген жоқ
Қызылжар ауданы Бескөл ауылының тұрғыны Мақпал Жағыпарованың үйіне былтыр тасқын су 12 сәуірде кірді. Салынғанына үш жыл ғана болған баспанада су терезе жақтауына дейін көтеріліп, бар дүние-мүлік жарамсыз болып қалды.
Кейін үйді жөнге келтіру үшін шатыры, терезесі мен қабырғасынан басқасының бәрін ауыстыруға тура келген. Бүгінде қабырғаға сызат түсіп, жарыла бастаған.

— Су келе жатыр деген соң 11 сәуірде үйден кетуге мәжбүр болдық. Іргетасын биік етіп салған едік, екі метрге дейін көтеріледі деп ойламадық. Кейін су деңгейі түсісімен мамырдың бесі кезінде салдарымен күреске кірісіп кеттік. Үй жаңа, әрі газ блогынан салынғандықтан тұруға жарамды деп танылды. Тиесілі қаражатты алдық, әрі туған-туыс, дос-жаран, ауылдастарым, тіпті оқушыларыма дейін қаржылай көмектесті. Жаз бойы жөндеп, енді осы еңбек еш кете ме деген қауіп бар. Елеңдеп отырмыз, — дейді Бескөл тұрғыны.
Есілден келген қауіп
Көпті көргендер Есіл өзенінің көктемде бұрын бұлайша тасымағанын айтады. Сондықтан тұрғындар ғана емес, арнайы қызметтер де табиғат апатына дайын болмай шықты.
Салдарынан өңір бойынша төрт мыңға жуық үйді су басты. Оның жартысы Қызылжар ауданында. Мұндағы 22 елді мекен үлкен судың жолында қалды. Қауіпсіз жерге шығарылған 8,6 мың адамның 1,5 мыңы 21 эвакуациялық пунктке орналастырылды.
Бұдан бөлек тек осы ауданда ғана 29 шағын және орта бизнес субъектісі, 13 — ауыл шаруашылығы нысаны, 7 — мемлекеттік және әлеуметтік нысан зақымданды.
Комиссия 415 үйді апатты деп танып, оның 314-іне Петропавлдан баспана алынды, қалғаны жаңадан пайда болған «Бірлік» шағынауданына қоныстанды.

— Аудан бойынша 971 үй қалпына келтірілді. 71-ін мехбригадалар жөндесе, қалғанын тұрғындар өздері істеді. 900 үйді жөнге келтіруге тұрғындарға 5 млрд теңге бөлінді. Барлығы баспанамен қамтылды. Малдары өлгендерге де, кәсіпкерлерге де жәрдемақы толық берілді, — дейді Қызылжар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлия Салтықова.
Су тасқынынан сабақ алдық па?
Былтырғы көктемгі су тасқыны кезінде бір энергетиктердің өзі 2,5 млрд теңгеден астам шығын шекті. Судың қатты екпіні әкелген мұздар жолдағы электр тарату желісінің 400-ден астам бағанын опырып кетті.
«Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ қызметкерлері зақымдалған әуе арқылы электр желілерінің 264 км сымын, оның ішінде «Қызылжар су» ЖШС бірінші көтергіш сорғы станциясын электрмен қамтамасыз ететін төрт желіні қалпына келтірді.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, тұтынушыларды электр қуатымен сапалы және үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету үшін облыста қосымша әуе электр желілері салынды.

— Су басу қаупі жоғары елді мекендерде электр бағандарына мұз кесу құрылғылары орнатылды. 2025 жылғы су тасқыны кезеңінде «Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ-ның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жоспары әзірленіп, авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына тартылатын бригадалар құрылды. Қызметкерлер бекітілген кестеге сәйкес электр беру желілері мен мұз кесетін құрылғылардың бүтіндігін тексереді. Компания апат бола қалған жағдайда электр тарату желілерін қалпына келтіруге қажет қосалқы материалдармен толық қамтылған, қосымша дизель-генератор қондырғылары сатып алынды, — дейді баспасөз хатшысы Динара Ходжаева.
Көктемгі тасқын кезінде Петропавлды сумен қамтып тұрған кәсіпорынның сорғы стансасын су шайып кетті.
«Қызылжар су» ЖШС мамандары жағдай қайталанбауы үшін жаз бойы жұмыс істеп, сорғы станциясын жаңартты. Сондай-ақ стратегиялық нысанды судан қорғау үшін айналасына биіктігі 4 метр болатын бөгет тұрғызылды.
Петропавл мен Қызылжар ауданында да 8 қорғаныс бөгеті нығайтылды. Алайда, кей жерде бұл бөгет жарылып жатыр.
Тұрғындар әлеуметтік желіде бейнежазба таратты.
Басқа бөгеттерде де атқарылған жұмыстың сапасына кей тұрғындардың көңілі толмайды.
Ал жауаптылардың айтуынша, облыс орталығындағы Ущев көшесі бойындағы бөгет өткен көктемдегі тасқын судың деңгейі ескеріліп, биіктігі 4,5 метрден 7 метрге дейін, ені 3 метрден 6 метрге дейін ұлғайтылды.
Жалпы облыс бойынша ұзындығы 130 км болатын 60 қорғаныш үймесі мен бөгет бар. Оның 40-ы су тасқынынан кейін қайта нығайтылды.
Синоптиктердің болжамы қандай?
— Су тасқыны болады, бірақ әзірге ауқымы туралы айту мүмкін емес, — дейді «Қазгидромет» РМК СҚО филиалының директоры Қымбат Мерғалимова.
Қазір облыста 19 гидрологиялық бекет бар, мамандар күнделікті мониторинг жүргізіп отыр.
Мәселен 13 қаңтардағы жағдай бойынша Тоқсан би ауылының маңында Есіл өзенінің су деңгейі 284 см көрсетті. Бұл былтырғы деңгейден 17 см жоғары.
Покровка ауылының маңында 35 см-ге, Петропавл жанында 48 см-ге, ал Долматово елді мекенінің маңында шамамен 1 метрге биік.
Сергеев су қоймасы 101% толып, 7 см асып, төгіліп жатыр.

— Қаңтар айында Сергеев су қоймасы тасып, төгілген емес. Ернеуінен асу соңғы рет 2019 жылдың 12 қарашасында тіркелген еді. Қазір мұнда су деңгейі 807 см жетті. Бұл былтырғы межеден 82 см-ге жоғары. Оған көктемде болған су тасқыны, жауынды-шашынды жаз, жер асты суының көтерілуі себеп. Топырақ құрамында да су қоры жоғары, облыс бойынша 100-216 мм, бұл жылдағы көрсеткіштен 2-2,5 есе жоғары, — дейді Қымбат Мерғалимова.
Мамандардың болжамынша, алдағы 2,5 ай қарлы болмақ. Бұл да жағдайды қиындата түспек.
— Биылғы көктемгі су тасқыны кезеңін болжау үшін бірқатар гидрометеорологиялық факторды ескеру қажет: күзде топырақтың ылғал жинауы, қату тереңдігі, қардағы ылғал қоры, қыстағы жауын-шашын мөлшері және көктемдегі ауа температурасы. Сондықтан алдын ала болжамды 2025 жылғы 1 ақпандағы деректер бойынша 5 ақпанда береміз. Кейін 5 наурызға дейін су тасқынына қатысты негізгі болжамды ұсынамыз. Наурыз айынан бастап гидрологиялық болжам апта сайын беріледі, — дейді мекеме директоры.
Құтқарушылар тасқынмен күреске дайын ба?
СҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде Есілден бөлек Чаглинка, Сілеті және Қамысақты өзендерінен және олардың салалары — Ақанбұрлық, Бабықбұрлық, Шарық, Жембарақ, Иманбұрлық өзендерінен көктемде қауіп бар.
Сондай-ақ еріген қар және тасыған көл суы да елді мекендерге кіріп жатады. Биыл осындай 116 ауыл ерекше бақылауға алынған.

Оның ішінде өзендерде су деңгейінің көтерілуінен — 40, көлдердің толып, тасуынан — 13 және еріген қар суынан — 63 елді мекенге қауіп бар.
— Былтырғы су тасқыны жағдайы ескеріліп, 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша инженерлік жұмыс жоспары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес су тасқынына қарсы іс-шаралар қолға алынды. Нәтижесінде бұл 57 елді мекенді су басудан қорғауға және қауіпті азайтуға мүмкіндік берді. Облыстың автожолдарында 107 су өткізгіш құбыр мен тюбингтер орнатылды, 10 шақырымнан астам су бұрғыш арықтар мен каналдар тереңдетілді, шағын өзендердің 4 шақырымға жуық арнасы және 214 км нөсер кәрізі тазартылды және жөнделді, — дейді СҚО ТЖД имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы Евгений Журавлев.
Маманның айтуынша, биыл көктемде су тасынымен күреске, авариялық-құтқару жұмыстарына 1900-ден астам адам, 1320 техника, 117 жүзу құралы және СҚО ТЖД, полиция департаментінің, Ұлттық ұланның, 6637 әскери бөлімнің және жергілікті атқарушы органдардың 360-тан астам су айдау құралдары қолданылмақ.
