СҚО-да Есіл өзенінің су деңгейі көтеріліп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінің суы көтеріліп, Сергеев су қоймасында бөгет жотасынан тасып төгілу 4 см жетті.

СҚО-да Есіл өзенінің су деңгейі көтеріліп жатыр
Фото: Рrimeminister.kz

Өңірге тән емес ерекше құбылысты тұрғындар байқап, әлеуметтік желіге салып жатыр. Мәселен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда Есіл өзені көпірді шайып кеткен. Салдарынан ауылдарды жалғанан көпірмен өту бүгінде мүмкін емес. Тұрғындар қыста соншама судың қайдан келіп жатқанына аң-таң.

Сергеев су қоймасында да Есіл өзені тасып жатыр. Бөгеттің ернеуінен асқан судың деңгейі 5 см-ге жетті. 

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Есіл өзенінде орналасқан гидрологиялық бекеттерде 2023 жылғы мәннен 45-75 см асатын су деңгейі белгіленеді.

— Бүгін 3 желтоқсанда Тоқсан би ауылының маңындағы гидрологиялық бекетте Есіл өзенінің деңгейі 303 см, бұл өткен жылғы мәннен 55 см жоғары. Покровка елді мекенінің маңында су деңгейі 140 см, бұл өткен жылғы мәннен 48 см жоғары. Петропавл қаласының маңында Есіл өзенінің деңгейі 273 см, бұл өткен жылғыдан 46 см артық. Сергеевка су қоймасында су деңгейі 804 см, бұл өткен жылғы мәннен 75 см жоғары, 2023 жылы деңгейі 729 см болды. Бөгеттің жотасы арқылы тасып төгілу деңгейі 4 см. Су қоймасы бүгінде 101% толық, — дейді филиал директоры Қымбат Мерғалимова.

Маманның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 2019 жылы байқалған. Бөгеттің жотасы арқылы тасып төгілуі сол жылы 12 қарашада аяқталған.

— Корнеевка елді мекені маңындағы Үлкен Тораңғұл көліндегі гидрологиялық бекетте су деңгейі 333 см көрсетті, өткен жылғы мәнмен салыстырсақ 69 см артық. Өзен-көлдерде қазіргі уақытта судың мол болуы көктемдегі үлкен су тасқынымен, жаздың жаңбырлы және жер асты суларының көтерілуімен байланысты, — дейді Қымбат Мерғалимова.

Бұған дейін Петропавлда тасқыннан зақым келген сорғы стансасы 4 метрлік габионмен нығайтылып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар