СҚО-да биыл есірткі саудасымен ұсталғандардың дені 25 жасқа дейінгі жастар

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында Астана қаласының 22 жастағы тұрғыны есірткімен қолға түсті.

емірткі
Фото: СҚО Полиция департаменті

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жігіттің синтетикалық есірткіні интернет арқылы таратуға қатысы бар. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері оны Петропавлға келген күні аса ірі көлемдегі психотроптық заттармен ұстаған. Тексеру кезінде жігіттен 34 түйіншек мефедронның аналогы анықталды. Сонымен қатар жалдамалы пәтерінен тағы 60 түйіншек табылды. Барлығы 104 грамм «синтетика» тәркіленді. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

есірткі
Фото: СҚО Полиция департаменті

Жедел уәкілдердің айтуынша, есірткі саудасын ұйымдастырушылар жастарды «оңай табыспен» қызықтырып, азғырады. Алайда олардың әрекеті көбіне алғашқы күндерде-ақ әшкереленіп жатады.

Жыл басынан бері СҚО-да есірткі сату күдігімен 40-тан астам адам ұсталды, олардың 36-сы – 25 жасқа дейінгі жастар. Мамандар аса ірі көлемде есірткі сату қылмысына 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы барлығын еске салады.

есірткі
Фото: СҚО Полиция департаменті

Бұған дейін Қостанай облысында 16 жастағы жасөспірім ірі көлемде синтетикалық есірткімен ұсталғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар