СҚО-да биыл көкжөтелмен ауырғандар саны былтырғыдан үш есе аз

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері көкжөтелді жұқтырудың 19 дерегі тіркелді. 

көкжөтел
Фото: gemotest.ru

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, былтыр жеті айда 62 бала ауырған.

– Көкжөтелді жұқтырғандардың барлығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Соның ішінде 68,4% – Петропавлға тиесілі. Мұнда 13 бала ауырды. Қызылжар ауданында екі адам, Аққайың, Есіл, Жамбыл және М.Жұмабаев аудандарында бір адамнан ауырды. Сырқаттанғандардың 89%-ы, яғни 17 бала көкжөтелге қарсы екпе алмаған, - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов. 

Маманның айтуынша, көкжөтел – ауыз қуысында, мұрында және көмейде өмір сүретін Bordetella pertussis бактериясы тудыратын тыныс алу жолдарының өте жұқпалы ауруы. Негізінен 2 жасқа дейінгі балалар ауырады. 

– Көкжөтелдің қоздырғышы ауа арқылы таралады, ол науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде енеді. Көкжөтел өкпенің қабынуына, мидың зақымдануына әкелуі мүмкін. Көкжөтелмен ауыратын науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер жоқ.

Көкжөтелден қорғаудың жалғыз сенімді және тиімді жолы – вакцинация. Алғашқы екпе сәбиге 2, 3, 4 және 18 айларында, содан кейін 6 жаста егіледі. Вакцинация жүргізілген жағдайда ағзада көкжөтел ауруына жеткілікті күшті иммунитеті пайда болады, - дейді Арман Күшбасов. 

Бұған дейін СҚО-да биыл 200 млн теңгеге тұрғындарға қымбат ота жасалғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар