СҚО-да биыл мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге 450-ден астам тәртіптік жаза қолданылған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда әдеп жөніндегі кеңес қараған істердің 64% заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталса, қалғаны тәртіптік істермен байланысты.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменттің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ержан Қарымсақовтың айтуынша, әдеп жөніндегі кеңестің бүгінде тәртіптік істерді қараудан бөлек функциясы көбейген. Профилактика басты назарда.
- Кеңестің негізгі міндеті - сыбайлас жемқорлықтың және қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алу үшін шаралар әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілік деңгейін арттыру.
Яғни тек жазалаушы орган ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте кәсіби, әдепті ортаны қалыптастыру құралы болып отыр, - дейді Ержан Қарымсақов.
Департамент басшысының айтуынша, көпшілік әлі күнге мемлекеттік қызметте істейтіндер түннің бір уағына дейін жұмыста отыруға мәжбүр деп есептейді.
- Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық бөлімшелеріне 2023 жылғы мамырдан бастап мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізу өкілеттіктер берілді.
Сонымен қатар, өткен жылдан бастап мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға мемлекеттік қызметшілермен қарым-қатынаста жұмыс беруші жасаған құқық бұзушылықтарды қарау функциясы берілді.
Енді Департамент қызметкерлердің жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғаны үшін мемлекеттік органдардың басшыларына қатысты әкімшілік шараларды қолдануға құқылы, - дейді Ержан Қарымсақов.
Жыл басынан бері департамент жұмыс уақыты режимінің сақталуына қатысты 13 рет мониторинг жүргізген. Мамандар мемлекеттік органдарға тікелей барып немесе жұмыс уақытын есепке алуды бақылау жүйелерінің деректерін пайдалана отырып қашықтықтан тексерген.
Нәтижесінде артық жұмыс істеген 36 мемлекеттік қызметші анықталды, 30 қызметкерге демалыс сағаттары берілді, ал 6 қызметкерге тиісті төлем жүргізілді.
- Мемлекеттік қызметшілердің артық жұмыс істеу мәселесін шешу тек мемлекеттік органдар тарапынан ғана емес, қызметкерлердің де белсенді қатысуын талап етеді. Мемлекеттік қызметшілердің өз құқықтары туралы білуі және оларды белсенді қорғауы маңызды, - дейді департамент басшысы.
Бұдан бөлек биылғы 9 айда облыстың мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне 458 тәртіптік жаза қолданылған. Оның 356-сы жергілікті атқарушы органдарға, қалғаны аумақтық мемлекеттік органдарға қатысты.
- Тәртіптік жаза қолдану рәсімі Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен бекітілген және мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларымен регламенттелген.
Зерттеу және талдау материалдары ретінде тоқсан сайын мемлекеттік органдар ұсынатын есептер қолданылады.
Мемлекеттік қызметшілерге қатысты ең жиі кездесетін заң бұзушылықтарға тоқталсақ, оларға тәртіптік жаза қолдану мерзімдерін бұзу және қызметтік тергеу рәсімін жүргізбеу жатады.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша департамент тәртіптік жаза қолдану туралы 15 актінің күшін жойды.
Тәртіптік жазаны заңсыз қолдану мемлекеттік қызметшінің құқығын бұзады, салдарынан ол тәртіптік жазаның қолданылу кезеңінде көтермелеуден айырылады, - дейді Ержан Қарымсақов.
Маманның айтуынша, тәртіптік жауапкершілікке тарту кезінде мемлекеттік қызметшілердің құқығын бұзу фактісі са, департамент оны қалпына келтіру үшін барлық шараларды қабылдайды.
Бұған дейін СҚО-да «Серпін» мемлекеттік бағдарламасымен жоғары білім алған 1,4 мыңға жуық түлектің 48% ғана солтүстік өңірде тұрақтап қалғанын жазған едік.