СҚО-да биыл үш мыңнан астам адам желшешек жұқтырды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында желшешекпен ауырғандар саны азайды.
СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, желшешек - маусымдық дерт, әдетте күз-қыс айларында аурушаңдық артады. Биылғы 9 айда жалпы 3 042 адам ауырған. Соның ішінде 2 402-сі немесе 78,9% жылдың алғашқы төрт айында анықталған. Яғни, қаңтарда – 676 жағдай, ақпанда сол шамалас және наурызда 560 жағдай тіркелген. Ал шілде, тамыз, қыркүйек айларында сырқаттанғандар саны 100-ге толмайды.
Мамандар бүгінде желшешекке қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағалап отыр. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемелері алдын алу шараларын жалғастырып, әсіресе күз-қыс маусымы алдында жағдайды бақылауға алған. Себебі бұл кезеңде аурудың қайта дендеу қаупі бар.
Дәрігерлердіңи айтуынша, желшешек – ауа тамшылары арқылы жұғатын, дене қызуы көтеріліп, интоксикациямен және кең таралған везикулезді бөртпемен сипатталатын жіті инфекциялық ауру.
Инфекция көзі - ауру адам, сондықтан ауырған және сау адамдар арасындағы байланысты шектеу өте маңызды. Инкубациялық кезең 10-нан 21 күнге дейін созылады.
Әдетте температура бірден 39-40 градусқа дейін көтеріледі, сырқаттың басы ауырады. Желшешектің ең айқын белгісі –бөртпе шығып, ол қышиды.
Мұндайда ең бастысы – жараның қабығын алмау, теріні тырнамау. Тыртықтар қалып қоймауы үшін теріге тиіспеген жөн. Егер дене қызуы 39-дан асса, бөртпе пайда болса, дәрігерге дереу көрінген жөн.
Бұған дейін Алматыда балалар арасында желшешектің асқынған түрі жиілеп кеткенін жазған едік.