СҚО-да биыл зиянкестермен күресу үшін 211,5 мың га жуық егіс алқабы өңделеді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында егіс алқабын түрлі арамшөптерден, зиянкестер мен аурулардан қорғау үшін дала жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл арамшөптер мен зиянкестерге қарсы егістіктерді химиялық өңдеуге пестицидтерді субсидиялау бағдарламасы аясында 11,3 млрд теңге бөлінді.
СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, көктемгі егін егу жұмысын аяқтаған диқандар алқаптарды химиялық өңдеуді бастап кетті.
Қызылжар ауданының «Елім-Қызыл Жар» ЖШС-де техника күн батқаннан кейін немесе таңертең ерте шығып, егісті дәрілеп жатыр. Барлық жұмыстың 65% атқарылған. Десек те химиялық өңдеу жаз бойы жүргізіледі.
«Жанар-жағармай жеткілікті. Минералды тыңайтқышты жылда қолданамыз, жақында алқапты суару технологиясын енгізбекпіз. Жалпы 1,2 мың га егіс алқабымыз бар. Биылғы егіс науқаны жақсы өтті, жұмыс дер кезінде аяқталды. Бидай, арпа, сұлы, рапс, зығыр, бұршақ, картоп, сәбіз және қызылша егілді. Ауыл шаруашылығы техникамыз жаңа, лизингке, несиеге алды. Сондай-ақ 6 мың тонна болатын 2 көкөніс қоймасын салдық. Өнімді облыс орталығына жеткіземіз. Енді жаңа технология қолданып, көкөністерді жуатын боламыз», - дейді шаруашылық директоры Олег Иванов.
СҚО бойынша биыл 3,2 млн га алқап арамшөпке қарсы, 211,4 мың га -зиянкестерге және 599,2 мың га – түрлі өсімдік ауруларына қарсы химиялық өңдеуден өтеді.
«Егіс алқаптарында химиялық өңдеу жүргізіліп жатыр. Арамшөптерге қарсы гербицидтік өңдеу бойынша жоспардың 32,5% немесе 1024,3 мың га, ауруларға қарсы 159,2 мың га немесе жоспардың 26,6% және зиянкестерге қарсы 126,5 мың га немесе жоспардың 59,8% өңделді», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.
Бұған дейін СҚО-да үйірлі шегіртке бойынша жағдайдың тұрақты екенін жазған едік.