СҚО-да биыл зорлық-зомбылыққа қатысты 12 бала отбасынан алынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында прокуратура жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін бұзудың бір мыңнан астам фактісын анықтады.

полиция
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

СҚО прокуратурасының мәліметінше, қадағалау органының мобильді топтары биыл тәуекел тобына жататын 11 мыңнан астам отбасын тексерді. 

Бүгінгі таңда әлеуметтік көмек қажет, құжаттарды рәсімдеу және басапан кезегіне тұру бойынша мәселелері бар 140 отбасыға қолдау көрсетілді. 

Прокуратураның талабы бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырыстарында 44 отбасының ісі қаралды, нәтижесінде физикалық қауіп-қатерге байланысты 12 бала отбасынан алынды, 272 заңды өкіл балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Балалар саласындағы құқық қорғау институтын нығайту мақсатында осы жылдың қыркүйегінде облыс прокуратурасында прокурор Қайрат Әбдіханов пен СҚО-дағы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Сұрағанованың кездесті. Іс-шарада өзара іс-қимыл, жедел ақпарат алмасу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға қатысты бірлескен көшпелі іс-шараларға қатысу және ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Жұмыс қорытындысы бойынша тиісті меморандумға қол қойылды», - дейді ведомство өкілдері.

Жалпы, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың құқықтарына қатысты 1 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды, 47 қадағалау актісі енгізілді, оларды қарау нәтижелері бойынша 18 527 тұлғаның құқығы қорғалған. Нәтижесінде 854 адам жауапкершілікке тартылды, 26 млн теңге сомасына залал өндірілді.

Бұған дейін СҚО-да мектеп оқушысы сыныптасына пышақ сұғып алғанын жазған едік.