СҚО-да былтыр 3 мыңға жуық жүргізуші көлік басқару кезінде телефон пайдаланған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында тәртіп сақшылары көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланғандарды жазадап жатыр.

жүргізуші көлік басқару кезінде телефон пайдаланған
Фото: СҚО ПД

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қаңтар айының бір күнінде Петропавлдағы көлік ағылған Астана мен Интернационал көшелерінің қиылысында полицейлер бейнекамералар арқылы осындай үш заң бұзушылықты тіркеді. Бұл тек 12 минут ішіндегі аралықта ғана анықталғаны. Жүргізушілер алысқа ұзамай бірден әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

- Көлік жүргізу кезінде телефонды пайдалану – ең көп тараған құқық бұзушылықтардың бірі. Жүргізушілер қозғалыс кезінде сөйлеседі, көше қиылыстарында бағдаршамның жүруге рұқсат беретін жасыл сигналын күтіп тұрғанда әлеуметтік желілерді қарап отырады, тіпті қозғалар кезде көздерін телефоннан алмайды.

Шамамен әрбір бесінші жол-көлік оқиғасы көше қиылыстарынан өту ережелерін бұзғандықтан болады. Сондықтан мұндай учаскелерде мұқият болған дұрыс. Көлік жүргізу кезінде телефонды пайдалану да апаттылыққа тікелей әсер етеді, - дейді тәртіп сақшылары.

Полицейлер осындай құқық бұзушылықтарды заманауи техникалық құралдармен анықтауды алдағы уақытта да жалғастырады. Былтыр СҚО-да көлік жүргізу кезінде телефонды пайдалану деректері бойынша полицейлер 2921 хаттама толтырды.

Бұған дейін Петропавлда саябақтан әйелдің денесі табылғандығын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар