СҚО-да былтыр 40-қа жуық ФАП, емхана салынды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында медициналық-санитариялық алғашқы көмектің 46 нысаны салынуы тиіс.

Бұл жоспар аяқталуға жақын. Тек былтыр өңірде жаңадан 38 нысан бой көтерді.
Мәселен Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның Бірлік және Возвышенка ауылдарында екі жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхананың құрылысы аяқталды.
- Былтыр 1,5 млрд теңгеге 15 медициналық нысанда күрделі жөндеу жүргізілді. Соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 163,2 млн теңге бөлініп, бұл қаражатқа 3 емдеу мекемесі жөнге келтірілді.
Бұдан басқа, медициналық нысандарды орналастыру үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден ғимараттарды сатып алу бойынша жұмыстар қолға алынды. Жергілікті бюджеттің 30 млн теңгесіне былтыр Қызылжар ауданының Рассвет ауылында ғимарат сатып алынды. Оған фельдшерлік-акушерлік пункт орналастырылады, - дейді СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қаныш Бижанов.
Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуы да назарда. Былтыр осы мақсатқа өңірде 5,4 млрд теңге бөлінді.
Саладағы күрделі мәселе – кадр жетіспеушілігі. Қазір өңірге келген мамандарға 1 -5 млн теңге мөлшерінде көтерме ақы беріліп келеді. Былтыр осылайша 67 дәрігерге 234 млн теңге төленді.
- Петропавлда «Дәрігерлер үйі» бар, сол жерден бос баспанамен қамтимыз. Аудандарда жергілікті атқарушы органдар қызметтік үй береді. Үш жыл жалға алатын пәтердің ақысын төлеуге көмектесеміз.
Биыл бір рет берілетін көтерме ақы мөлшерін 8,5 млн теңгеге дейін өсіруді жоспарлап отырмыз. Жоба дайын. Бұл сома аса қажет мамандарға беріледі, тізімін жасадық.
Жергілікті бюджет есебінен резиденттерді оқытуға 50 грант бөлінді, қазір 34 маманмен келісімге отырып, оқытып жатырмыз, - дейді басқарма басшысы.
Бұған дейін Петропавлда балалар лагері санаторлы-курорттық кешенге айналатындығын жазған едік.