СҚО-да былтыр 5,9 млрд теңгеге 250 заманауи медициналық техника сатып алынды

Медицина
Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр денсаулық сақтау саласына 11,7 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражаттың 5,9 млрд теңгесі материалдық базаны нығайтуға жұмсалды. 

СҚО қоғамдық кеңесте қаржы басқармасының жетекшісі Наталья Дышкант есеп берді. 

«Денсаулық сақтау саласына былтыр 11,7 млрд теңге бөлінсе, күрделі жөндеуге 1,8 млрд теңге, қондырғыларды жаңартуға 5,9 млрд теңге және жаңа нысандардың құрылысына 4,6 млрд теңге жұмсалды. Қызмет сапасын арттыру мақсатында 250-ден астам медициналық техника, оның ішінде қазіргі заманғы магнитті-резонанстық және компьютерлік томографтар, ультра-дыбыстық зерттеу аппараттары, маммографтар, рентгендиагностикалық және бейнеэндоскопиялық жабдықтар сатып алынды.Сонымен қатар емдеу мекемелерінің автокөлік паркі 19 санитарлық машиналармен толықты», - дейді Наталья Дышкант.

Былтыр облыс бойынша 27 емдеу мекемесінде жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген. 

«Шағын аудандардың салынуына орай, денсаулық сақтау нысандары қолжетімді болуы үшін Петропавлдағы «Береке» және «Жас Өркен» шағын аудандарында 250 адамды қабылдайтын емханалар құрылысы аяқталды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл тұрғындарын алғашқы медициналық-санитарлық көмекпен қамтуды ұлғайту мақсатында 2025 жылға дейін ауылдарда 46 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары салынады. Былтыр осы мақсатқа 3 млрд теңге бөлініп, Лобаново, Якорь, Прибрежное, Қарақоға, Возвышенка, елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория, Тахтаброд, Привольное, Кладбинка елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункттер құрылысы аяқталды», - дейді Наталья Дышкант. 

Бұған дейін СҚО-да зиянкестермен күресу үшін биыл 211,5 мың га жуық егіс алқабы өңделетіндігін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар