СҚО-да азық-түлік бағасын негізсіз өсірген 6 кәсіпкер жазаланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр сауда қызметін реттеу саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 31 кәсіпкерлік субъекті әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның алтауы азық-түлік бағасын негізсіз өсірген.

СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы Қанат Жеңісбекұлының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшері 15%-дан аспауы тиіс. Бұл «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңында көрсетілген.
«ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабында Заңның осы нормаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бір рет ескертіледі. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса - шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады», - дейді Қанат Жеңісбекұлы.
Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында Департамент 13 кәсіпкерлік субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асырған.
«Жазаланған бизнес субъектілері бірінші сұрыпты бидай ұнын, күрішті, қарақұмық жармасын, 5%-дық майлы сүзбені, тауық етін, 72,5%-дық сары майды, күнбағыс майды сауда үстемесінің рұқсат етілген мөлшерінен асырып, қымбатқа сатқан. Бұл заң бұзу деректері тауарларды сатып алу мен сатудың электрондық шот-фактураларын талдау барысында анықталды», - дейді департамент басшысы.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын ұстап тұру үшін СҚО әкімдігі жанынан баға белгілеу тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді.
Былтыр комиссияның 85 отырысы өтті. Тексеріс аясында заңнаманы бұзудың 25 фактісі анықталды.