СҚО-да былтыр бес адам жұмыс барысында мерт болды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында еңбекке байланысты жазатайым оқиғалар кезінде былтыр 38 адам зардап шекті, оның бесеуі көз жұмды.

Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, абайсызда жарақаттанғандар саны 2023 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалған. Өндірістегі қауіпсіздік мәселесі өзектілігін жоғалтпай отыр.
Зардап шеккендердің жалпы санының 34,2% — әйелдер, оның біреуі мерт болды.
Жазатайым оқиғаға ұшырағандардың жартысы мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарда жұмыс істеген. Қалғандарының 47,4% — жеке кәсіпорындарда, ал 2,6% — шетелдік заңды тұлғалардың меншігіндегі кәсіпорындарда еңбек еткен.
Өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккендердің 23% астамы өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа осы тектес қызметтердің жұмысшылары. Зардап шеккендердің ең көбі — 8 адам өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істеген.
Өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептері: 6 жағдайда өрескел абайсыздық, тағы соншасында еңбек қауіпсіздігі талаптары бұзылған. 5 жағдайда өндірістік апаттар тіркелсе, төртеуі — жұмысты ұйымдастырудағы кемшіліктерден болған. Ғимараттар мен жұмыс орындарының қанағаттанғысыз жағдайынан 4 оқиға, көлік құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуынан 3 оқиға және еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытудағы олқылықтарға қатысты 3 жағдай тіркелді.
14 адам жұмыс орнында құласа, 7 адам жол-көлік оқиғалары кезінде жарақаттанған.
Сондай-ақ 9 адам жабық сынық, 3 адам күйік алса, жеті адамды улы емес жәндіктер шағып, зардап шеккен.
Нәтижесінде былтыр өндірістік жазатайым оқиғаларға байланысты жалпы көлемі 20,3 млн теңге материалдық төлем жасалды. Оның ішінде еңбекке жарамсыздық парағы бойынша — 17,4 млн және біржолғы жәрдемақы ретінде — 2,9 млн теңге төленді.
Бұған дейін СҚО-да балалардың жарақат алуы жиілегенін жазған едік.