СҚО-да былтыр бір есірткі зертханасы жойылды, 771 кг есірткі айналымнан алынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы полицейлер есірткі қылмысына қатысты 250-ге жуық деректі тіркеді.

есірткі
Фото: ШҚО Полиция департаменті

Оның 10 – есірткіні аса ірі көлемде сақтауға, 132-сі – жасырып-таратуға, 3 – контрабанда және 12-сі есірткі заттарын насихаттауға байланысты. Бұл туралы СҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты. 

- Бір жыл ішінде заңсыз айналымнан 771,5 кг астам есірткі, соның ішінде 8,3 кг синтетикалық есірткі заты алынды. Бұл былтырғыдан 30 кг артық. Бір синтетикалық есірткі зертханасы жойылды.

Соңғы уақытта есірткіні әлеуметтік желі арқылы, анонимді түрде сату белең алған.

Қылмыскерлер «Теlеgram», «Instagram», «Facebook» арқылы және интернет дүкендердің мекенжайын граффити жазбалармен қабырғада қалдыру арқылы тарататын болған. Күрес жүргізіліп жатыр. Былтыр 1754 хабарландыру жойылды, 151 сілтеме бұғатталды, - дейді Асқар Мұхаметқалиев. 

Есірткі заттарын жарнамалау бойынша 12 қылмыстық іс қозғалған. Оның үшеуі процестік шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. 

Естеріңізге салайық, Биыл Петропавлда синтетикалық есірткіні зерттейтін орталық ашылғандығын жаздық. Бұрын синтетикалық есірткі екенін растау үшін мамандар оны Көкшетауға немесе Астанаға жіберуге мәжбүр болған.

Сондай-ақ СҚО-да есірткімен ұсталған әйел 11 жылға бас бостандығынан айырылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар