СҚО-да былтыр интернет алаяқтар тұрғындарды 1,4 млрд теңгеге алдаған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы интернет алаяқтар келтірген шығынның шамамен 38% ғана қайтару мүмкін болған.

СҚО-да былтыр интернет алаяқтар тұрғындарды 1,4 млрд теңгеге алдаған
Фото: СҚО ПД

СҚО Полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов тұрғындар алдында есеп берді. Соңғы он жыл бойы тіркелген қылмыстар саны азайып келеді.

Алайда киберқылмыстар бүгінде өзекті мәселелердің біріне айналған. 

— Өткен жылдың қорытындысы бойынша, өңірде киберқылмыстардан жалпы 1 млрд 401 млн теңге шығын келді. Оның ішінде 526 млн 875 мың теңге ғана қайтарылды. Былтыр облыстық «CyberPol» қызметкерлері екі ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты. Әр топта 5 дроповод болған. Олардың жалпы сомасы шамамен 400 млн теңге болатын 56 интернет алаяқтық дерегіне қатысы бары анықталды, — дейді Абай Жүсіпов.

Ведомство бастығының айтуынша, қылмыскерлерден 14 сим-бокс, 3 сим-банк және әртүрлі операторларға тиесілі 35 мың сим-карта тәркіленді. Бұл құрылғылар республика аумағында азаматтарды алдау үшін пайдаланылған.

— Қазір алаяқтар интернет арқылы алдаудың түрлі тәсілдерін қолданып, күн сайын жаңа схемалар ойлап тауып жатыр. Ең кең таралған түрлері — интернеттегі хабарландырулар арқылы тауар немесе қызмет үшін алдын ала немесе толық төлем алу; әртүрлі «жобаларға», инвестицияларға, бәс тігуге қаржы салдыру арқылы алдау; азаматтардың жеке деректерін иемдену мақсатында фишингтік сілтемелерді пайдалану. Алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрі — қылмыскерлердің телефон арқылы хабарласып, өздерін банк қауіпсіздік қызметінің немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстыруы. Ешқашан банк картасының деректерін, сондай-ақ жеке басыңызға қатысты мәліметтерді бөгде адамдарға айтпаңыз, — дейді департамент бастығы.

Бұған дейін СҚО-да жыл басынан бері интернет алаяқтықтың 110 дерегі тіркелгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар