СҚО-да бір тәулікте коронавирустан 4 адам қайтыс болды

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен тәулікте өңірде 1 304 адам ПТР тест тапсырып, оның әрбір тоғызыншысында қауіпті инфекция анықталды. Осылайша облыс коронавирусты жұқтырудан ел бойынша алда келеді. СҚО-да 17 қарашада 143 адамда КВИ анықталса, Алматыда – 128, Нұр-Сұлтанда – 125 адам ауырған.
Қазір облыстың инфекциялық стационарларында 625 адам, карантиндік бөлімшеде - 7, жансақтау бөлімшесінде 51 науқас жатыр. Ауырғандарға арналған орындар жеткілікті, мәселен жұқпалы аурулар стационарлары 36 %-ға, реанимациялық бөлімшелер 42 %-ға ғана жүктелген.
Коронавируспен ауырып, қайтыс болғандар саны да артып келеді. Өткен тәулікте 4 сырқат, барлығы 343 адам көз жұмды.
Жалпы пандемия басталғалы СҚО-да 34 209 адам КВИ жұқтырған. Олардың 3,2 %-ы немесе 980 адам – медициналық қызметкерлер. 27 579 адам тәуір болды.