СҚО-да биыл 60-қа жуық қылмысты бұрын сотталғандар жасаған

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл соттылығы алынбаған және жазасын толық өтемеген адамдар қайта қылмысқа барып, осындай 59 факті тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстың қайта жасалуына жол бермеу, алдын алу – полицияның профилактикалық жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі. Бұл міндет учаскелік инспекторларға жүктелген.
Бұрын сотталған адамдар тізімдік есепке алынған. Бас бостандығынан айыру орындарында өзін нашар көрсеткендер ресми түрде қадағаланатын адамдар ретінде есепте тұрады. Құқық бұзушылық жасалған жағдайда әкімшілік қадағалау белгіленеді. Сот қадағалауға алынған адам орындауға міндетті талаптарды тағайындайды.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдар үшін де осындай талаптар бар. Оларға ішімдікті ішуге тыйым салынған, елді мекеннен тыс жерлерге шыққан жағдайда ішкі істер органдарын хабардар етуге міндеттеледі. Ал шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар бұл шектеулерді жүйелі түрде бұзған жағдайда қайтадан қамауға алынуы мүмкін.
Қаңтар айынан бері учаскелік полиция инспекторлары шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 14 адамға қатысты материалдар жинады. Олар талапқа бағынбағаны үшін бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды, мерзімнің қалған бөлігін түзеу мекемесінде өтейді.
«Жыл басынан бері облыста соттылығы алынбаған және өтелмеген адамдар жасаған 59 қылмыс тіркелді. Оның 34-і – ұрлық, төртеуі – алаяқтық, үшеуі – тонау. Бір қылмыс есірткіні заңсыз сатуға байланысты.
Бүгінгі таңда СҚО-да шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 244 адам, ресми түрде қадағалауға алынған 312 адам және әкімшілік қадағалаудағы 27 адам есепте тұр. Әрқайсысы қайта қылмыс жасамауы үшін олармен профилактикалық жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі», - дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.


Соңғы жаңалықтар
Референдум