СҚО-да биыл өзен-көлдердің маңында спирттік ішімдік ішкен 130 адам жазаланды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар жыл басынан бері өзен-көлдерге 4,5 мыңнан астам рейд ұйымдастырып, алдын алу жұмыстарын жүргізді. Су қоймаларының маңында спирттік ішімдік ішкен 130 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Растихин облыстық әкімдіктің отырысында суға шомылу маусымын қауіпсіз өткізуге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жайында мәлім етті.

«Облыста 60 өзен, 2 148 көл, 117 қазаншұңқыр бар. Соның тек 12 көлі мен Есіл өзенінде 58 суға шомылу орны дайындалды. Биыл пандемияға байланысты шектеулер жоқ, сол себепті өзен-көлдердің басында, демалыс орындарында демалушылар көп болады деп болжап отырмыз. Әдетте күн ысысымен суда жарақаттанатындар және суға кететіндер саны артады», - дейді Дмитрий Растихин.

Маманның айтуынша, соңғы 9 жылда өңірде 211 адам, соның ішінде 33 бала суға кеткен. Осы аралықта 250 адам құтқарылған.

Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында құтқарушылар полицейлермен, білім басқармасының мамандарымен, волонтерлермен бірге жыл басынан бері 4,5 мыңнан астам рейд ұйымдастырды. Мақсат – ескерту. Сондай-ақ өзен-көлдердің маңында спирттік ішімдік ішкен 130 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«СҚО-ға ыстық күндер келді. Сондықтан тұрғындар суға шомылуға барғанда, демалыста қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұмытпаса екен дейміз. Өңірдегі Есіл өзені, сондай-ақ халық көп баратын Пестрое, Соленое, Лебяжье, Үлкен Тораңғұл, Шалқар және Имантау көлдері қауіпті су қоймаларының қатарында. Десек те, соңғы жылдары суға кету жағдайлары көбіне рұқсат етілмеген өзен-көлдерде тіркеледі», - дейді департамент бастығының орынбасары.

Естеріңізге салайық, мамыр айының соңында Есіл ауданы Покровка елді мекені маңындағы Есіл өзеніне елулер шамасындағы ер адам суға кеткен еді. Оның денесі тек бір аптадан кейін ғана табылды.




Соңғы жаңалықтар