СҚО-да боран: 70 көліктен тұратын колоннаны полицейлер Петропавлға жеткізді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы экстремалды жағдайда өтіп жатыр.
Боранға байланысты негізгі күш облыс жолдарына бағытталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қатты боранға байланысты Мамлют ауданында Қорған-Петропавл тас жолында 70-тен астам жүк көлігі мен жеңіл автомобиль жиналып қалды. Мәселені шешу үшін колонна құруға шешім қабылданады. Жолды «Қазақавтодор» ЖШС-нің қар тазалайтын машинасы ашып отырды, ал колоннаны патрульдік машиналар алып жүрді. Барлық автокөлік аман-есен Петропавлға жетті.
Жалпы бұл түні төтенше жағдайлар департаменті және жол ұйымдарымен бірге қар құрсауынан 94 адам құтқарылды, оның 9-ы бала. Қарға батқан 34 техника шығарылды.
Жалпы өңірде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.
«18 ақпанға қараған түні Айыртау ауданындағы Саумалкөлдің көшелерінің бірінде ВАЗ-210740 автокөлігі тоқтатылды. Оның 23 жастағы жүргізушісінен алкогольдің иісі шығып тұрды. Сараптама оны растады. Сот шешімімен ауыл тұрғыны әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Облыста өткен іс-шараның екі күні ішінде осындай 17 жағдай тіркелді. 61 жүргізуші жылдамдықты асырып, 19 жүргізуші бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетті», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Азамат Жамұқов.
Операцияның 2 күні ішінде СҚО-да 1094 түрлі құқық бұзушылық анықталды.