СҚО-да бір аптада 9 адамды кене шақты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында санитар дәрігерлер кене шағу фактілерінің тіркеліп жатқанын ескертіп, қарапайым сақтық шараларын тұрғындардың есіне салды.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тек бір аптада 9 адамды, соның ішінде бір баланы кене шаққан. Зардап шеккендер Петропавлдың және Айыртау, Аққайың, Тайынша аудандарының тұрғындары.
«Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кене шағу дерегі 1,8 есеге төмен. Былтыр осы кезде 17 адам дәрігер көмегіне жүгінді. Сәуірдің 16-сы мен 18-і күндері Айыртау ауданындағы Айыртау және Лобаново елді мекендерінде дизенсекциялық жұмыс жүргізілді», — дейді департаменттің баспасөз хатшысы Айнаш Сағандықова.
Қауіпті жәндік кене энцефалиті, кене сүзегі, кене боррелиозы (Лайм ауруы), геморрагиялық қызба және т.б. сияқты көптеген жұқпалы аурулардың қоздырғышы ретінде белгілі. Кене, әсіресе мамыр-маусым айында белсенді, сондықтан табиғат аясына шыққан кезде қансорғыштан қорғануды ұмытпаған жөн.
«Кене энцефалитінің вирусы адамға негізінен иксод кенелер шаққан кезде жұғады. Кене энцефалиті – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жіті инфекциялық ауру. Аурудың салдарынан мүгедек болып, тіпті соңы өлімге де әкелуі мүмкін. Кенені езгенде немесе шаққан жерді тырнағанда вирус теріге жағылып, ауру пайда болуы мүмкін. Кене энцефалитінің табиғи ошағында болған адамдар профилактикалық иммундаудан өтуі тиіс. Кене шағудан қорғанудың тағы бір жолы – ұзын жеңді, ашық түсті киім кию. Өйткені қара кене ашық түсті киімде жақсы көрінеді. Әдетте кене адамға шөптен немесе бұтадан жабысады. Кенелер 1,5 метрден жоғары көтерілмейді, сондықтан олар адамның аяғына жабысады және соруға ыңғайлы жер іздейді. Кенелер баяу жәндіктер, адамның киіміне немесе денесіне түскенде бірден шақпайды, жорғалап оқшаулау орын іздейді. Сондықтан сырттан келгеннен кейін үсті-басты толық тексерген жөн. Кремдер, гельдер және аэрозольдер түріндегі репелленттерді қолдануға болады», — дейді Айнаш Сағандықова.