СҚО-да бір аптада «гонконг тұмауын» жұқтырғандар саны екі есе артты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында бір аптада тұмауды жаңадан 46 адам жұқтырып, дәрігер көмегіне жүгінді.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, A/H3N2 типті тұмауды жұқтырғандар саны 91–ге жетіп отыр.
Өткен аптада ЖРВИ-мен 5889 адам ауырған. Вирусты жұқтырғандар саны бір аптада 34 % артты. Десек те, мамандардың айтуынша, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда сырқаттанғандар саны 3,4% төмен. Қазан айынан бастап 24 мыңнан астам адам ауырса, соның 68% - 14 жасқа дейінгі балалар.
Дәрігерлер дене қызуы көтеріліп, әлсіздік сезінсеңіз, тамақ ауырып, мұрын бітелсе, дәрігерге көрінуге кеңес береді.
- Ауру белгілері пайда болған жағдайда өздігінен үйде емделу қауіпті. Асқынған жағдайда өкпе қабынуы мүмкін. Сол себепті емханаға қаралған немесе үйге дәрігерді шақырған жөн. Бала ауырған жағдайда вирусты әрі қарай таратпау үшін оны балабақша мен мектепке жібермеген жөн. ЖРВИ-ден қорғану үшін қолды жиі жуып, маска кию қажет. Кісі көп шоғырланған жерлерге бармаған дұрыс. Сондай-ақ бөлмені жиі желдетіп, таза ұстау керек, - дейді мамандар.
Бұған дейін СҚО-да «жедел жәрдем» дәрігері вирус жұқтырған жағдайда не істеу керектігін айтқан еді.