СҚО-да «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы бойынша төрт жеңімпаз анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының өңірлік бренд комитетінің отырысы өтті. Нәтижесінде төрт кәсіпкер жеңімпаз деп танылды. Енді олар түрлі қолдауға ие болмақ.

Кәсіпкерлер
Фото:  СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл «Бір ауыл — бір өнім» бағдарламасына қатысуға өңірден 24 өтініш түскен. 

Кәсіпкерлер
Фото:  СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі

«Қатысуға өтініш берген кәсіпкерлер өз өнімдерін 29 тамызда Петропавлда өткен көрме-жәрмеңкеде көпшілік назарына ұсынды. Көрме қорытындысы бойынша конкурстың келесі кезеңіне 10 финалист өтті, олар кейін өз жобаларын өңірлік бренд-комитет алдында қорғады. Нәтижесінде онның үшеуі келмей, ақтық кезеңге өткен 7 кәсіпкер өз өнімдерін ұсынды», — деді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.

Қазылар алқасы құрт, ара шаруашылығы өнімдері, кір сабын, жүннен жасалған бұйымдар, ешкі сүтінен жасалған өнімдер, тосап пен джем, кондитер өнімдерін пісіру және консервілеу сияқты тауарлардың арасынан үздіктерді анықтады.

Кәсіпкерлер
Фото:  СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі

Бренд-комитеттің шешімімен кір сабын жасайтын «Береке» ЖК, құрт жасайтын «Досходжаев» ЖК, тосап-джем қайнататын «Аружан» ЖК және ешкі сүтінен түрлі өнім дайындайтын «Тамаша» ЖШС жеңімпаз атанды. 

«Жеңімпаздарды таңдау кезінде бірінші кезекте кәсіпкерлердің өнім немесе тауар өндірісінде тек жергілікті шикізат пен қол еңбегін пайдалануына баса назар аударылды. Сондай-ақ, кәсіптің әлеуеті, оның қаптамасы, тауардың аймақтық ерекшеліктері және оның ішкі және сыртқы нарықтарға шығу мүмкіндігі бар-жоғы бағаланды. Сондай-ақ өндірушінің дайындығы — оның өз тұтынушыларының, тәжірибесі мен жұмысшыларының болуы және т. б. ескерілді», — дейді Есжан Оразалин.

Бағдарламаның негізгі мақсаты — жергілікті өнімнің сапасын арттыру, жергілікті брендтерді құру, маркетинг және нарықтағы өнімнің құндылығын арттыру.

Кәсіпкерлер
Фото:  СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі

Енді жоба жеңімпаздарына маркетологтар өз өнім-тауарларын одан әрі жетілдіріп, брендтеу, сертификаттау және экспортқа шығару бойынша көмек көрсетеді.

Бұған дейін СҚО-да отандық өнімді өңдеу және Қытайға экспорттау бойынша ең ірі орталық құрылып жатқанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар