СҚО-да бір күнде малды қараусыз жіберудің 26 фактісі анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында «Мал ұрлығы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтер басталды.

СҚО-да бір күнде малды қараусыз жіберудің 26 фактісі анықталды
Фото: АШМ

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы күні полицейлер ветеринариялық бақылау мамандарымен бірлесіп 127 автокөлікті, мал және ет өнімдерін өткізетін 34 орынды, 87 шаруа қожалығын, жайылымдық орындар мен фермаларды тексерді. Нәтижесінде ветеринария заңнамасын бұзудың 6 дерегі анықталды.

Сонымен қатар малды қараусыз жіберудің 26 фактісі тіркеліп, иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

—Малды бақылаусыз жіберу қылмыскерлерге қолайлы. Қазір Есіл ауданының полиция бөлімі 25 жылқының жоғалуына қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Қараусыз жүрген жылқылар жайылымнан жоғалған, иесі түліктің нақты қашан жоғалғанын айта алмады. Полицияға бірден жүгінбегендіктен із жауған астында қалып, жұмысты қиындатты, — дейді полицейлер.

Аққайың ауданында рейд барысында полицейлер 49 жастағы ауыл тұрғынынан тіркелмеген «ИЖ-27» тегіс ұңғылы мылтығын тәркіледі. Қару шаруашылық құрылыста сақталған. Ер адам оны өткен жылдың қазан айында орманнан тауып алғанын айтқан. Қару сараптамаға жіберілді, соған сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту-тарпау белгілі болады.

СҚО ПД патрульдік полиция батальонының инспекторлары мал ұрлығының жолын кесу мақсатында жеке жоспар бойынша жұмыс істеп жатыр. Аудандардан ет өнімдері қала базарларына негізінен түнгі және таңғы уақытта жеткізілетіндіктен, негізгі автожолдарда бақылау күшейтілді. Тексерулер криминалдық полиция қызметкерлері және ветеринариялық бақылау мамандарымен бірлесіп жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін Атырау облысында мал ұрлығына қарсы блокбекеттер қойылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум