СҚО-да бір тәулікте екі өрт шығып, ер адам мен бала мерт болды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Екі өрт те Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында болған.

өрт
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 қаңтар күні кешкі уақытта 112 пультіне Ольшанка ауылындағы жер үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. ТЖД бөлімшелері оқиға орнына жеткенде тұрғын үй толығымен отқа оранып, шатыр опырылып құлаған екен.

Өртті сөндіру барысында кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды. Қазіргі уақытта департамент басшылығы оқиға орнында жүр. Сондай-ақ психологтар да қайғыға душар болған баланың анасына қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 35 адам, 11 техника жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына пешпен жылыту кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы себеп болған.

Сондай-ақ 19 қаңтарға қараған түні Қызылжар ауданының Приишимка ауылында тағы бір жеке тұрғын үйде өрт шықты. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жеткенімен, олар келгенде үй толықтай отқа оранып, шатыр ішінара құлаған екен.

Өртті сөндіру кезінде 1973 жылы туған ер адамның мәйіті табылды. Өрт толығымен сөндірілді, қазіргі уақытта шығу себебі анықталып жатыр.

Бұған дейін 9 қаңтар күні М.Жұмабаев ауданында да тұрғын үй өртеніп, отағасы мен оның екі баласы жанып кеткен болатын. Мамандар 2024 жылы туған баланың мәйітін он сағаттан астам іздеді. Мерт болған екінші баланың жасы небары 3-те ғана.

 

Соңғы жаңалықтар