СҚО-да бір жылда аты-жөні жоқ 51 көшеге атау берілді
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында идеологиялық тұрғыдан ескірген, ауыстыруды қажет ететін 33 ауыл және 300-ден астам көше және 13 ауылдық округ атауы бар.
Олардың қатарында Куйбышев, Киров, Ленин ауылдық округтері, Буденное, Чапаево, Красный Октябрь, Комсомолец сияқты елді мекендер, сондай-ақ Ленин, Комсомол, Карл Маркс, Совхозный, Советский, Октябрьская, Калинин, Пионерская, Коммунистическая, Комсомольская, Киров, Куйбышев секілді көше атаулары кездеседі.
Өңірде Қазақстан тарихына еш қатысы жоқ, мән-мағынасы түсініксіз елді мекен атаулары да бар. Новодворовка, Дашка-Николаевка, Бахмут, Чермошнянка, Черниговское, Кременчуг, Келлеровка, Обуховка, Иван-Город, Белоярка, Большой Изюм, Разгульное, Ялты, Симоновка, Князевка, Рухловка, Тахтаброд, Сазоновка сынды атаулар осы санатқа жатады.
СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, бұл бағытта жұмыс атқарылып жатыр.
— Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың II және IV отырыстарында берген тапсырмасына сәйкес облыста ономастика саласын жүйелеу бағытында кешенді әрі жоспарлы жұмыс атқарылып келеді. Негізгі мақсат — идеологиялық тұрғыдан ескірген, тарихи және ұлттық мазмұнға сай келмейтін елді мекендер мен көшелердің атауларын ретке келтіру. Осыған байланысты 2022 жылдан бері «Жеріңнің аты — еліңнің хаты» іс-шаралар кешені іске асып жатыр. Аталған жоба аясында облыстың барлық ауданында және облыс орталығында «Ономастикалық кеңістікті реттеу жолдары» тақырыбында жыл сайын 25 кездесу өткізіліп, бұл жұмысқа танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері тартылған, — дейді басқарма басшысы Досбол Әбдірейісов.
Басқарманың мәліметінше, 2020–2025 жылдар аралығында облыста 3 ауылдық округ пен 6 ауылдың атауы өзгертілген. Атап айтқанда, Кривощеков ауылдық округі — Арай, Ленин ауылдық округі — Бике, Новосел ауылдық округі — Үлкен Қараой деп қайта аталды.
Ал Кривощеков, Воскресеновка, Карасевка, Ленин, Киевское, Коммунизм ауылдарына тарихи әрі ұлттық мазмұндағы жаңа атаулар берілді.
Сонымен қатар осы кезеңде өңір бойынша 281 көше атауы жаңартылды.
— Қазіргі уақытта Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасына сәйкес елді мекендерді қайта атау уақытша тоқтатылған. Осыған қарамастан, атауы жоқ көшелерге атау беру жұмысы жалғасып жатыр. Бұл жедел жәрдем, өрт сөндіру, полиция секілді жедел қызметтердің жұмысын жеңілдету үшін аса маңызды. 2025 жылға арналған Жол картасы аясында облыс бойынша 51 атауы жоқ көше қамтылды. Соның ішінде Мағжан Жұмабаев ауданындағы 15 көшеге атау беру мәселесі облыстық ономастика комиссиясында оң шешімін тапты. Қазіргі уақытта ауылдық округ әкімдері заңнамаға сәйкес рәсімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, — дейді Досбол Әбдірейісов.
Мәселен Жеңістің 80 жылдығына орай атауы жоқ көшелерге батырлардың есімі берілді. Қызылжар ауданында бір көшеге Талғат Бигелдиновтың, ал Уәлиханов ауданында екі көшеге Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың есімін беру жөнінде шешім қабылданды.
Сонымен қатар Петропавлдағы жаңа «Бірлік» және «Орман» шағын аудандарындағы атауы жоқ көшелерге атау беру мәселелері қоғамдық тыңдауларда қаралып, тұрғындар тарапынан қолдау тапты.
Естеріңізге салайық, Алматыда 156 көшеге жаңа атау берілетінін жазған едік.