СҚО-да браконьерлік деректері көбейген, келтірілген залал 39 млн теңгеге жуықтайды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында былтыр браконьерліктің 3 дерегі анықталса, биыл 13 факті тіркелді.

В области Абай задержали браконьеров с 850 кг рыбы
Фото: видеодан алынған скрин

СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, заңсыз аң аулау деректері Аққайың, Айыртау, Тайынша, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Жамбыл және Тимирязев аудандарында тіркелген.

Браконьерлердің әрекетінен табиғатқа келтірілген материалдық залал аз емес. Былтыр үш факті бойынша жануарлар дүниесіне келтірілген залал 14,7 млн теңгеге бағаланды, қаражат құқық бұзушылардан толық өндірілді.

Биыл заңсыз аң аулаушылар қоршаған ортаға 39 млн теңгеге жуық залал келтірген. Барлық дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Оның төртеуі сотта қаралып, осы істер аясында кінәлілерден 8,1 млн теңге толық өндірілді. Қалған істер бойынша тергеу және сотқа дейінгі рәсімдер жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, өткен жылы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласында – 292, биыл 135 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар да мамандардың назарында. Былтыр 1,4 мың рейд өткізіліп, орманды заңсыз кесудің 13, биыл 5 дерегі тіркелді. Келтірілген залалдың жалпы мөлшері - 2 млн теңгеге жуық. Браконьерлер «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағына да кіріп, ағаш кескен. Өткен жылы осындай екі, биыл бір дерек анықталған.

Бұған дейін СҚО-да үш қабанды заңсыз атып алған күдіктілер ұсталғанын жазған едік.