Алты қабырғасы сынған: СҚО-да бұқа сүзген ер адам ауруханаға түсті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 51 жастағы ер адамды бұқа сүзіп, ауыр жарақат алды.

Көпбейінді Петропавл қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына облыс тұрғыны кеуде қуысының сол жағының қатты ауыратынына шағымданып, көмекке жүгінді.
Айтуынша, оны бірнеше күн бұрын бұқа сүзген. Ер адам өздігінен басылады деп, ауырсынуды басатын дәрі қабылдаған. Бірақ ауырғаны күшейгенідіктен, ол емдеу мекемесіне келуге мәжбүр болған.
Жарақат пунктінде науқасты травматолог, терапевт пен хирург қарап-тексерді. Кеуде қуысына рентгенография жасалып, оның сол жақтағы алты қабырғасының сынғаны анықталды. Өкпенің қабыну қаупі мен асқынулардың дамуы ескеріліп, науқас жедел түрде травматология бөлімшесіне жатқызылды.
Мамандардың айтуынша, стационарда ол үнемі бақылауда болды, ауырсынуды басатын, асқынуға қарсы және тыныс алу терапиясын қабылдады. Бүгінде жағдайы жақсарып, қанағаттарлық күйде ауруханадан шықты, десек те енді ол үйде амбулаториялық ем қабылдап, тыныс алу гимнастикасын жасауы тиіс.
Дәрігерлер бір қарағанда «ауыр емес» жарақат қауіпті болуы мүмкіндігін ескертеді. Қабырға сынған жағдайда ол ішкі мүшелерді жарақаттайды және дәрігерлердің бақылауын қажет етеді.
Бұған дейін СҚО-да төрт адам донерден уланып қалғанын жазған едік.