СҚО-да бұралқы иттер тұрғындардың құс-малына ауыз салды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында бұралқы иттер жұрттың қорасына түсіп, құстарын қырып жатыр.
Бұл отбасы осымен екінші рет бұралқы иттерден зардап шегіп отыр. Бір ай бұрын 70 шақты тауығына бұралқы иттер ауыз салса, бұл жолы 250 тауығын қорада қырып кеткен.
Бір күн бұрын осы ауылда тағы бір отбасы қорадан әр жерде мамығы шашылған тауық өлекселелерін тапқан. бұл оқиғаны полицияға ресми түрде тіркетіп, келтірілген материалдық шығынды өтеуді талап етіп отыр.
Жергілікті халық мұндай оқиғалардың жиі қайталанатынын айтады. Былтыр тамызды көрші Чапаев елді мекенінде бұралқы иттер бір үйдің шашпада тұрған 12 қойына шапты. Қазір адамдар балаларын мектепке жалғыз жіберуге, көшеге велосипедпен шығаруға қорқатын күйге жеткен.
Бескөл ауылдық округінің әкімі Гүлсім Кәрімованың айтуынша, бұл жағдайда ветеринария саласы жауап беруі тиіс.
— Бұралқы иттерді аулап, чиптеумен аудандық ветеринарлық қызмет айналысуы тиіс, — дейді ауыл әкімі.
СҚО ветеринария басқармасының бас маманы Мадиана Тюгумбаева бұл жағдайға байланысты түсініктеме берді. Бұл бір ғана отбасының шығыны емес, бүкіл өңірде жүйелі түрде шешілмей келе жатқан проблеманың салдары болып шықты.
— 2022 жылғы 2 наурызда қабылданған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес, бұралқы және иесіз жануарларға қатысты жаңа талаптар бекітілді. Бұл заң аясында бұралқы иттер мен мысықтарды атуға тыйым салынған. Енді олардың санын стерилизация арқылы ғана реттеуге болады.
Мәселен биыл Петропавлда 300 қаңғыбас итті стерилизациялау жоспарланған. Тамыз айының соңына дейін 232 итке ота жасалды, жұмыс қараша айының соңына дейін толық аяқталуы тиіс, — дейді Мадиана Тюгумбаева.
Маманның айтуынша, әр ауданда ауланған жануарды уақытша ұстап, стерилизация мен чиптейтін уақытша ұстау орталығы болуы тиіс.
— Айыртау, Ақжар, Есіл, Жамбыл, М.Жұмабаев, Тимирязев, Тайынша және Шал ақын аудандарында уақытша ұстау пункттері салынғанымен, қажетті ветеринарлық жабдық болмағандықтан жұмыс істемей тұр.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда нысанның құрылысы жүріп жатыр. Ал Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Уәлиханов аудандарында және Петропавл қаласында мұндай орталықтар әлі де салынбаған, — дейді басқарманың бас маманы.
Бұған дейін СҚО-да 13 мың ит-мысық есепке алынғанын жазған едік.