СҚО-да COVID-19 жұқтырғандардың 60% жазылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кеше қауіпті инфекция жұқтырған 68 сырқат тәуір болып, үйіне жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда облыста коронавирусты инфекцияны жұқтырғандар саны 2 451 адамға жетті. Кеше COVID-19 тағы 99 адамнан анықталды. Мамандардың айтуынша, қазір сырқаттанғандар саны азайып келеді. Аурудың шарықтау шегі маусым айында тіркелді. Сол кезде тәулігіне 110-120 адам тіркеліп отырған.

Жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінетіндер саны да азайған. Қауіпті инфекцияны жұқтырғандардың 1 469-ы, яғни 60% бүгінде тәуір болды. Емделіп, үйіне аман-есен шыққандардың ішінде жас аналар да бар.

«Облыстағы көптеген емдеу мекемелерінде, соның ішінде перинаталдық орталықта да 25 орынға шақталған карантиндік стационар және 20 орындық провизорлық стационар 10 шілде күні ашылды. Осы аралықта жаңа босанған 30 ана коронавирус инфекциясынан емделіп, сәбиімен үйіне жіберілді. Қазіргі таңда мұнда дәрі-дәрмек те, мамандар да жеткілікті», - дейді денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, бұған дейін қауіпті инфекцияны жұқтырған 17 жас ананың ем алып жатқанын хабарлаған едік.




Соңғы жаңалықтар