СҚО-да дәрігерлер жатыр миомасына тіліксіз ота жасауды меңгерді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында дәрігерлер алғаш рет жатыр миомасын және қуықасты безі аденомасын эмболизациялау отасын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Дәрігерлердің айтуынша, бұл ота бірегей, наркозсыз және пышақсыз жасалады. Ол үшін жамбаста кішкентай тесік жасалып, қан тамырына микрокатетер енгізіледі. Осылайша қатерсіз ісікті қоректендіріп тұрған жерге қан келуі тоқтайды да, миома өсудің орнына, керісінше кішірейе бастайды. Шамамен бір жылдың ішінде оның белгілері толығымен жойылады.

«Бұл технологияны әлем дәрігерлері бұрыннан қолданады. Елімізде де осы тәсілмен он жылға жуық ота жасалып келеді. Енді біз де қолға алмақпыз. Жатыр миомасы және қуықасты безі аденомасы бар сырқаттар көп. Бұрын олар басқа қалаларға барып, ота жасататын. Ерекшелігі – сырқат екінші күні аяғына тұрады. Ешқандай тігіс, асқыну болмайды. Эмболизациядан кейін әйелдің бала көтеру функциясы сақталады», - дейді кардиологиялық орталықтың рентгенэндоваскулярлық хирургия және сәулелі диагностика бөлімшесінің меңгерушісі Дмитрий Те.

Алғашқы ота Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық онкология және трансплантология орталығының маманы Евгений Муннің жетекшілігімен жасалды. Петропавл қаласының тұрғыны Елена Воронина 36 жаста, үш баласы бар. Оған отаны жарты сағатың ішінде жасапты.

«Наркозсыз жасады, мен есімді біліп жаттым. Отадан кейін дәрігерлердің бақылауында болдым, қазір жағдайым жақсы. Осыдан 3 күн ауруханаға ауырып түстім. Маған дәрігерлер эмболизация жасауды ұсынды. Бас тартқан жоқпын. Мамандарға алғысым шексіз», - дейді Елена.

Дәрігерлердің айтуынша, қуықасты безі аденомасымен негізінен жасы келген ер адамдар ауырады. Оларда көбіне қант диабеті, жоғары қан қысымы, созылмалы бүйрек ауруы сияқты ілеспе аурулар кездеседі. Мұндайда эмболизация жасау тиімді.

«Эмболизацияны науқастар жақсы көтереді. Ота көп болса бір сағатқа ғана созылады. Бұл – шығынды технология, десек те ол өзін ақтайды. Сырқаттар тез тәуір болады. Ауруханада көп ұстап қажет емес, үйреншікті ортасына тез қосылады», - дейді Дмитрий Те.


Соңғы жаңалықтар