СҚО-да донордың ағзалары бірнеше адамның өмірін сақтап қалды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облыстық көпбейінді ауруханасында 1985 жылы туып, қаза тапқан донордан бірнеше ағза алынды. Отбасының келісімімен жүрек, бауыр және екі бүйрек трансплантацияға дайындалды.

СҚО-да донордың ағзалары бірнеше адамның өмірін сақтап қалды
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, процесті Трансплантаттауды үйлестіру және жоғары технологиялық медициналық қызметтер республикалық орталығы ұйымдастырды.

Операцияға Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы мен UMC транспланттау бригадалары, өңірлік үйлестірушілер және қажетті медициналық қызметтер жұмылдырылды.

- Полиция қызметкерлері мамандардың шұғыл жетуін қамтамасыз етіп, маңызды рөл атқарды. Бұл жағдай донор отбасының шешімімен қатар медицина қызметкерлерінің, үйлестірушілердің және мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының арқасында ғана мүмкін болды, - делінген ақпаратта.

Мамандардың айтуынша, мұндай қадам жүздеген науқасқа үміт сыйлап, өмірін сақтап қалуға жол ашады.

Қазіргі таңда Қазақстанда ағза трансплантациясын қажет ететін 4 300-ден астам адам бар, олардың қатарында 120-дан астам бала тіркелген.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда қайтыс болғаннан кейінгі донор екі адамның өмірін сақтап қалды.

Соңғы жаңалықтар