СҚО-да дүниеге келгендерге қарағанда, қайтыс болғандар үлесі басым
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – СҚО-да өлім-жітім себебінің ішінде қан айналым жүйесі мен жүйке аурулары алдыңғы орында.
Өңірде халық саны азайып келеді. Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, жыл басында облыс халқының саны 514,2 мың адам болса, оның 258 мыңы қалалық жерлерде, ал 256 мың адам ауылдарда тұрып жатыр.
Былтыр өңірде 4585 нәресте дүниеге келді. Оның 2399-ы ұл бала, 2186-сы қыз. Жаңа туған сәбилердің 1884-і, яғни 41% облыс орталығында тіркелген.
Аудандар бойынша бала туу деңгейі әртүрлі. Уәлиханов ауданы алда келеді. Одан кейін Ақжар және Шал ақын аудандары жоғары көрсеткіштермен ерекшеленді. Ал ең төмен туу деңгейі Мамлют, Қызылжар және М.Жұмабаев аудандарында тіркелді.
Жалпы облыс бойынша өлім-жітім деңгейі жоғары күйінде қалып отыр. Былтыр өңірде 5963 адам қайтыс болды. Өлім-жітім себебінің ішінде қан айналымы жүйесінің аурулары бірінші тұр, Бұл барлық қайтыс болғандардың шамамен 19%-ы. Одан кейін 17,7% - жүйке жүйесінің аурулары, 13,4% - тыныс алу органдарының аурулары, 10% - қатерлі ісік, 9,6% - ас қорыту органдарының аурулары келеді. Ал жазатайым оқиғалар, улану мен жарақаттану үлесі - 6%.
Осы аралықта облыста 2880 неке қиылған. Десек те 1689 ажырасу фактісі тіркелді.
Бұған дейін былтыр Қазақстандағы халық саны 195 480 адамға өскенін жазған едік.