СҚО-да егін орағына қосымша 10 мың тонна арзан дизель отыны бөлінбек
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының диқандары жеңілдетілген бағамен дизель отынын алу үшін өтінім бере алады.

СҚО әкімдігінде орақ науқанының барысы пысықталды. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл 4,3 млн га аумақтан дәнді дақыл жинау міндеті тұр. Күзгі жұмысқа 58,2 мың тонна дизель отыны бөлінді. Нарықта литрі 315 теңге болса, мұның бағасы 254 теңге.
- Қосымша 10 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлу жоспарланып отыр. Осыған байланысты, өтінім беріп үлгермеген шаруашылықтар бұл қолдауды пайдалана алады, жергілікті атқарушы органдар дер кезінде хабардар етуі қажет, - деді басқарма басшысы Дәурен Тоқужинов.
Мамандардың айтуынша, биыл дақылдың шығымы жақсы. Жоспар бойынша егіннің 40% алқаптан тікелей жиналмақ. Яғни ауа райы мұрсат берген жағдайда орақ науқаны 30–35 күн ішінде аяқталмақ.
- Өңірде астықты қабылдайтын 45 элеватор бар, жалпы сыйымдылығы 3,2 млн тонна. Бұдан бөлек шаруашылықтардың 3,7 млн тонна сиятын астық қабылдау орындары бар. Бұл биылғы астықты толық сақтауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда астық қабылдау орындары 24% толық, 761 мың тонна жатыр. Оның 413 мың тоннасы Азық-түлік келісімшарт корпорациясынікі. Олар астықты өзге өңірлерге және экспортқа жөнелтіп жатыр. Барлық астық қабылдау пункттері жаңа өнімді қабылдауға толық дайын, - деді Дәурен Тоқужинов.
Бұған дейін СҚО-дағы элеватор иелері Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жаңа бастамаларына қарсылық білдіргенін жазған едік.