СҚО-да екі баланың астан уланып қайтыс болуына кінәлілер әлі жазаланбаған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Галина Коваленко өңір прокуратурасына арызданып, балаларының қайтыс болуына байланысты тергеуді қайта жүргізуді сұрады.

СҚО-да екі баланың астан уланып қайтыс болуына кінәлілер әлі күнге жазаланбаған
Фото: pixabay.com

Естеріңізге салайық, маусым айында Қызылжар ауданы Надежка елді мекенінде Коваленконың отбасы жергілікті дүкеннен кешкі асқа тұшпара мен шұжық алып жейді. Бірақ көп ұзамай бірінен соң бірі ауырып, жергілікті фельдшерді көмекке шақырған. Үш жасар ұл мен 6 жасар қыз баланы құтқару мүмкін болмады. 

Кейін сараптама қорытындысы шығып, балалардың тағам құрамындағы нитраттан уланғаны анықталды. 

Екі кісінің өліміне қатысты іс қозғалып, ол қылмыстық құрамы жоқ деген себеппен қазан айында жабылып қалды. 

Қайтыс болған балалардың анасы Галина Коваленко істің қайта тергеліп, кінәлілер жауап беруі үшін бүгін прокуратураға арызданды.

— Облыстың полиция департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабының 3-бөлігі бойынша абайсызда екі адам өлiмiне әкеп соқтырған, санитарлық ережелерді бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізді. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы қабылданған шешімді облыс прокуратурасы қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу үшін бұзды. 26 желтоқсанда Коваленконың отбасын облыс прокуроры орынбасары қабылдап, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама талаптарын түсіндірді, — деді прокуратура өкілдері.

Бұған дейін СҚО-да жаңа жыл қарсаңында арнайы қызметтердің мобильді топтары жұмыс істеп жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар