СҚО-да электрондық қолтаңбаны заңсыз қолданудың 100-ден астам дерегі анықталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері электрондық цифрлық қолтаңбаны заңсыз қолданудың 119 дерегі анықталды. Соның басым бөлігі Жамбыл ауданында тіркелген.

электронды цифрлы  қолтаңба
Фото: pexels.com

СҚО бойынша мемлекеттік қызмет департаментінің мәліметінше, биыл 29 қаңтар мен 16 ақпан аралығында ведомство «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Жамбыл ауданы филиалының тіркеу және жер кадастры бөлімін жоспарлы тексерген. Нәтижесінде демалыстағы қызметкердің электрондық цифрлық қолтаңбасын заңсыз қолданудың 96 фактісі анықталды.

Ал қалған 23 дерек талдау қорытындысы бойынша анықталған.

«Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасына сәйкес департамент биылғы наурыздан қыркүйекке дейінгі кезеңде мемлекеттік қызмет нәтижесіне қол қоятын лауазымды тұлғалардың ЭЦҚ пайдалануына мониторинг жүргізді. Қызылжар ауданы Прибрежный ауылдық округі әкімінің аппаратында екі факті, Тайынша ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде 8 факт тіркелсе, Тимирязев ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінде 4 дерек анықталды. Петропавл мен қалған бірқатар ауданда да заңбұзушылықтар бар. Бұдан бөлек мемлекеттік қызметтердің нәтижелеріне басшының орынбасары, басшы ретінде қол қойған, кей жағдайда бірінші басшы емес, оның орнына бас маманның қол қою дерегі анықталды. Осындай 301 факт тіркелді», - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Нұргүл Жанмұрзина.

Ауылдық әкімдіктерде жұмыс орнында жоқ немесе іс сапарға кеткен әкімдердің орнына бас мамандар қол қойып келген.

Қашықтан жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша алты лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Көпшілігі заңбұзушылықтың жасалғанына 2 айдан артық уақыттың өтіп кетуіне байланысты әкімшілік жазаға тартылмаған.

«Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Заңның 10-бабына сәйкес электрондық цифрлық қолтаңба қол қоюшының өз қолымен жазғанына тең, сондықтан заңдық салдары бірдей. Бұдан басқа, лауазымды адамдардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын олар болмаған кезеңде (демалыс, іссапарлар, еңбекке уақытша жарамсыздық және т.б.) заңсыз пайдалану «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңның 5-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын бұзу болып есептеледі», - дейді Нұргүл Жанмұрзина.

Бұған дейін СҚО-да аудандық білім бөлімінің бухгалтері сотталғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар