СҚО-да ең көп қымбаттаған тауарлар аталды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында маусым айында инфляция деңгейі жылдық есеппен 11% болды.

тауар таңбалау
Фото: freepik.com

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының облыстық департаменті мәлімдеді.

Барлық негізгі тауарлар мен қызмет түрлері бойынша баға өскен. Азық-түлік тауарлары бір жылда 12% қымбаттаса, азық-түлікке жатпайтын өнімдер – 10%, ал ақылы қызметтер – 13% өскен.

Мәселен, 2024 жылғы маусыммен салыстырғанда, күнбағыс майы - 29%, тұз – 28%, балық және теңіз өнімдері 27% қымбаттаған. Сонымен қатар, алкогольсіз сусындар – 19%, кондитер өнімдері – 18%, жас жемістер – 13%, қатты ірімшік – 12%, ет және сүт өнімдері 10% қымбаттады.

Жас көкөністер бағасы 36% артты. Әсіресе, пияз екі жарым есеге, картоп – 88%, қырыққабат – 56%, ал сәбіз – 54% дейін қымбаттаған. Тамақ өнімдерінің ішінен жұмыртқа ғана 3% арзандаған.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер де қымбаттаған. Ойыншықтар мен ойындарға баға 25% өсті. Киім мен аяқ киім – 13%, тұрмыстық тауарлар мен жеке қолдануға арналған құралдар – 8%, дәрі-дәрмек 6% қымбаттады. Бензиннің бағасы 5%, дизель отыны 4% артқан.

Қызмет көрсету саласында да өсім бар. Газдың бағасы, әсіресе тарату желілері бойынша тасымалданатын түрі бірден 63% өскен. Демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызметтер - 20%, санаторий қызметтері – 9% артты. Көлік қызметтері жалпы 13% өсті, оның ішінде әуе қатынасы – 25%, автомобиль көлігі 6% көтерілген.

Сонымен қатар, жалдамалы тұрғын үй үшін төленетін ақы бір жылда 16% артты.

Бұған дейін Ұлттық банк сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялаған еді.

 

Соңғы жаңалықтар