СҚО-да еріген қар суы жолды шайып кетті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында республикалық маңызы бар автожолды су шайып кетті.

СҚО-да еріген қар суы жолды шайып кетті
Фото: видеодан салынған скрин

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада көліктердің суды кешіп өтіп жатқанын көруге болады. https://www.instagram.com/p/DWX6ST0ilUI/?img_index=2

Тайынша аудандық әкімдігінің мәліметінше, еріген қар суы алқаптан келіп, 26 наурыз күні сағат 17:55 шамасында Алабота ауылдық округіне қарасты Аққұдық ауылы маңында жолды шайып кеткен. Бұл - республикалық маңызы бар «Көкшетау-Кішкенекөл-Бидайық-РФ шекарасы (Омбы)» А-13 автожолының 118–119 шақырымында болған.

Алғашқы мәлімет бойынша, су басқан жолдың ені шамамен 200 метр, ал тереңдігі 15 см болған. Ал 27 наурыз сағат 00:10-дағы жағдай бойынша су азайып, 100 метрге дейін қысқарған, тереңдігі өзгеріссіз қалған.

СҚО-да еріген қар суы жолды шайып кетті
Фото: видеодан салынған скрин

- Жағдайды тұрақтандыру мақсатында арнайы қызметтер тарапынан жедел шаралар қабылданды. Апат салдарын жою жұмыстарына 11 техника - автогрейдер, тиегіш, самосвалдар және 12 адам жұмылдырылды. Жол жиегін көтеру және нығайту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта көлік қозғалысына шектеу қойылған жоқ. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жолдың екі бағытында патрульдік полиция қызметкерлері кезекшілік атқарып жатыр, - делінген әкімдіктің жауабында.

Мамандардың айтуынша, Аққұдық ауылында эвакуациялық пункт дайындалып, тұрғындар үшін асханада ыстық тамақ ұйымдастырылған. Жағдайды жергілікті атқарушы органдар бақылауда ұстап отыр.

Бұған дейін БҚО-да Шаған және Деркөл өзендерінде су деңгейі көтеріліп жатқанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар