СҚО-да Есіл өзенінің 32 км қамтитын түбі тазартылып, тереңдетілмек
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында көктемде су басуы мүмкін 112 елді мекен есепке алынған. Бұл тізімнен Большая Малышка елді мекені шығарылды.
2024 жылғы көктемге дейін Большая Малышка елді мекенінде 900-дей адам тұрды. Тасқын кезінде ауылдағы жүзге жуық баспана су астында қалып, кейін апатты деп танылды. Тұрғындардың кейбірі көшіп кетті, енді бірі судан зақым келген үйін бюджет есебінен қалпына келтіріп, кіндік қаны тамған мекенді тастап кете алмады.
СҚО әкімдігінің мәліметінше, Большая Малышка ауылын жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде бөгетті шайып кету және елді мекенді су басу қаупі жойылды. Мұнда ұзындығы 4,5 км-ге топырақ үйіндісі салынып, 200 мың м3 астам инертті материал қабаты төселді, оның биіктігі 6 метрге дейін жеткізілді.
Жергілікті бюджет есебінен Соколовка ауылы маңында Есіл өзенінің арнасын түзету жұмыстары орындалған. Сондай-ақ қазір жылда су басатын Петропавлдағы Заречный кенті тұрғындарын жоспарлы түрде көшіру жалғасқан.
Бүгінге дейін 53 отбасы жаңа пәтер кілтін алды. Қосымша осы жылдың мамыр айында 72 пәтерлі үйдің құрылысын аяқтау жоспарланған, сондай-ақ биыл 117 пәтерлі үйдің құрылысы басталады.
Көктемде Есіл өзені суы деңгейінің көтерілуі және Петропавл гидроторабына түсетін жүктемені азайту мақсатында тасқынмен келген суды бұру үшін айналма арна салынды. Бұл мақсатқа 328 млн теңге жұмсалды.
Қазіргі уақытта Есіл өзенінің түбін тазарту және тереңдету жұмыстары жоспарланған. Жобалық-сметалық құжат әзірленді, ол мемлекеттік сараптамада жатыр. Нәтижесінде Петропавл су торабынан төмен қарай 32 км аумақ қамтылмақ.
Бұған дейін СҚО-дағы ірі су қоймалары су тасқынына дайын тұрғанын жазған едік.