СҚО-да газ баллоны жарылып, әжесі мен немересі күйіп қалды
Солтүстік Қазақстан облысы Бексейіт ауылында газ баллоны жарылып, 83 жастағы әйел мен оның 21 жастағы немересін күйік шалды, деп хабарлайды Kazinform.
СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 5 қаңтар күні болған.
Сағат 19.43-те Мамлют ауданының № 15 өрт сөндіру бөліміне 27 литрлік газ баллонының жарылғаны туралы ақпарат келіп түсті.
Салдарынан екі шаршы метр алаңда төбенің тартпасы жанған. Екі адам — 1940 жылы туған әйел және оның 2002 жылғы немересі күйікпен ауруханаға жеткізілді.
Мамандардың айтуынша, тұрғындар газ аспаптарын дұрыс қолданбайды, қауіпсіздік ережесін сақтамайды.
Мәселен:
автомобильге арналған стационарлық газ құю станциясында автокөлікте пайдалануға арналмаған баллондарды толтыруға тыйым салынған;
баллондарды тек сыйымдылығының 85% ғана толтырған жөн;
үй-жайда газы бар баллондарды жылыту радиаторларынан және басқа да жылыту аспаптары мен пештерден кемінде 1 метр және ашық отпен жылыту көздерінен кемінде 5 метр қашықтықта болуы тиіс;
газ баллонын жылы бөлмеге енгізгеннен кейін бірден пайдалануға қатаң тыйым салынады — жарылыс болуы мүмкін.
Бұған дейін СҚО Меңгесер ауылында газ баллонының жарылғанын айтқан едік. Сол сәтте үйде болған бес адам түрлі дәрежедегі күйікпен ауруханаға жатқызылды.