СҚО-да «инватакси» қызметі Петропавл мен бір ауданда ғана бар
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар адамдарға арналған «инватакси» қызметі Петропавл мен Уәлиханов ауданында ғана жұмыс істеп келеді.
СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, «инватакси» қызметі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 2009 жылдан бастап іске асырылып келеді.
Бірақ тегін жол жүруге мүмкіндік беретін бұл қызмет басқа аудандарда жабылып қалған.
Мамандардың айтуынша, әлеуметтік таксидің қызметі бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ аурудың түрніне қарамастан, он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға қолжетімді.
Бұл қызметті көрсету процесінің ашықтығын арттыру және автоматтандыру мақсатында қазір оны Әлеуметтік қызметтер порталына біріктіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
— Биыл «инватакси» қызметін пайдалануға ай сайынғы лимит енгізілгенін атап өткен жөн. Мүгедектіктің бірінші және екінші топтарына жататын, соның ішінде қол арбамен жүретін, жұмыс істейтін, білім алатын және мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілеріне, сондай-ақ он сегіз жасқа дейінгі жұмыс істейтін және білім алатын мүгедектігі бар балаларға лимит айына 25 сағат болып бекітілді, — дейді басқарма өкілдері.
Ал белгілі бір бағыттар бойынша жүретін мүгедектігі бар өзге де адамдар үшін айына 6 сағаттық лимит белгіленген.
— Қажеттілік болған жағдайда және жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, жергілікті деңгейде белгіленген сағат санын және бір сапардың ұзақтығын ұлғайту туралы мәселені қарауға мүмкіндік бар, — дейді мамандар.
СҚО-да қазіргі уақытта 24 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам болса, соның 2450-ге жуығы — бала.
Бұған дейін жасанды интеллект мүгедектік дәрежесін анықтау үшін қолданылуы мүмкін екенін жазған едік.