СҚО-да ит-мысықтан зардап шеккендер саны артқан
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында құтырма тіркелмегенімен, жануарлардан зардап шеккендер саны күрт өсті.
СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, осы жылдың бірінші тоқсанында облыста антираббиялық көмекке жануарлар қапқан, тырнаған, тістеген 385 адам жүгінді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67% артық. Былтыр осы уақытта 231 адам дәрігер көмегіне жүгінген еді.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай Петропавлда ғана емес, облыстың барлық аудандарында байқалады. Жануарлар қауып, тістеген адамдар саны өңір бойынша көбейген.
Олардың ішінде 214 адамды, яғни зардап шеккендердің 55% ит қапқан. 39 адамды мысық талаған, ал қалғандары кеміргіштерден – егеуқұйрық, тышқан, тиіннен зиян көрген. Зардап шеккендердің барлығына құтырмаға қарсы екпе қойылды.
- Егер адамды өзіне тиесілі немесе белгілі жануар тістесе, ол міндетті түрде ветеринарлық бақылауға алынады. 10 күн ішінде құтырма белгілері байқалмаса, ветеринар тиісті анықтама беріп, екпе курсы тоқтатылады. Мұндай жағдайда адамға тек үш екпе жасалады: алғашқы күні және 3–7 күндері. Ал жануар күмәнді немесе белгісіз болса, вакцинация толық курс бойынша — 14 және 30-шы күндері де жалғасады, - дейді департамент басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Мамандар жануар иелеріне жауапкершілікті күшейтуді ескертеді. Иттерді байлауда немесе арнайы қоршауда ұстау қажет. Көшеге шығарғанда қарғыбау тағып, тұмылдырық кигізу міндетті. Сонымен қатар, үй жануарларына құтырмаға қарсы екпе уақытылы салынуы тиіс.
Дәрігерлер кез келген жануар қауып, тырнаған жағдайда оған бейжай қарамауға шақырады. Алғашқы сағаттарда егілген екпе қауіпті дерттің алдын алады.
Бұған дейін Батыс Қазақстанда 800-ден астам ірі қара бруцеллез ауруына шалдыққанын жазған едік.