СҚО-да К-700 аударылып тракторист көз жұмды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы шаруашылықтардың бірінде К-700 тракторы аударылып, салдарынан жұмысшы мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да К-700 аударылып тракторист көз жұмды

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға Тайынша ауданы Қарағаш ауылында болған. Полиция бөлімшесіне хабар сағат 17.00 шамасында түседі. Елдімекен сыртындағы ЖШС-ның шөп қорасының аумағында К-700 тракторының жүргізушісі көлікті абайсызда аударып алған.

Оқиға орнына бірден жедел тергеу тобының мамандары аттанып, істің мән-жайын анықтады.

«Механизатор тракторымен сүрлем шөп шұңқырының қасында жұмыс істеп жатып, абайсызда оны аударып алған. Аударылған ауыр техника кабинасын жапырып тастаған. Кабинадан шығару кезінде 43 жастағы жүргізуші көз жұмды», - дейді полицейлер.

Бұл дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне «Еңбек қорғау ережелерінің бұзылуы» бабы бойынша енгізілді. Бірқатар тиісті сараптамалар жүргізілмек.