СҚО-да кадр жетіспеушілігі қай салада басым
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс берушілер арасында сауалнама жүргізіліп, еңбек нарығында мамандарға деген қажеттілік айқындалды.

Сауалнаманы СҚО Кәсіпкерлер палатасы жүргізді. Ол алдағы үш жылға білікті кадрларға деген қажеттілікті болжауға бағытталған. Мемлекеттік білім беру тапсырысы да осы сауалнама негізінде қалыптастырылады. Биыл зерттеуге 1182 жұмыс беруші қатысты, олардың 607-сі жеке кәсіпкер және 575-і заңды тұлға. Нәтижесінде облысқа 3043 маманның қажеттігі анықталды.
Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалиннің айтуынша, Петропавлда кадр тапшылығы әсіресе өзекті. Облыс орталығының жұмыс берушілері сауалнама барысында 1886 маманға мұқтаж екенін көрсеткен. Бұл өңір бойынша жалпы сұраныстың 62%. Сонымен қатар, М. Жұмабаев ауданына — 254 адам, Қызылжар ауданына — 196, Есіл ауданына — 157 және Тимирязев ауданына 127 кадр керек.
Үшінші жыл қатарынан ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібі саласында сұраныс жоғары. Биыл ауыл шаруашылығында 600 маманның орны бос тұр, бұл жалпы сұраныстың 20%. Өңдеу өнеркәсібіне 465 білікті кадр керек.
— Кадрларға тұрақты жоғары сұраныс бар тағы бір сала — білім беру. Бұл секторға 487 маман қажет, бұл — барлық қажеттіліктің 16% және ол өткен жылғы көрсеткішпен шамалас. Мемлекеттік басқару және сауда салаларында да маманға сұраныс жоғары — әрқайсысында шамамен 350 жұмыс орны бар. Ал ғылым, мәдениет және әкімшілік қызмет салаларында кадр қажеттілігі ең төменгі деңгейде, — дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Ирина Торопова.
Сауалнама нәтижесіне сүйене отырып, кәсіпкерлер палатасының мамандары сұранысқа ие топ-10 мамандықтың тізімін жасады. Биыл бұл тізімді тігіншілер бастап тұр, өңірге 312 тігінші керек. Одан кейінгі орында өрт сөндіру инспекторлар келеді, 200 маман қажет, 178 логопед, 142 тракторшы-машинист және 92 аспазға сұраныс бар. Сондай-ақ, 87 инженер-механизатордың орны бос, 75 орман шебері — яғни, учаскелік мемлекеттік орман инспекторлары, 65 мектепке психолог, 61 дене шынықтыру пәнінің мұғалімі керек. 54 бос жұмыс орнымен автослесарьлар да сұранысқа ие мамандықтар қатарына енді.
— Өрт сөндіру инспекторы мен логопед мамандықтары алғаш рет ең сұранысқа ие үштікке енді. Білім деңгейіне келер болсақ, кәсіби-техникалық білім алған 1751 адам және 715 жоғары білімді маман қажет. Жұмыс берушілер орта білімді 198 адамды, қысқа мерзімді курстардан өткендер 135 адамды жұмысқа алуға дайын. Ал 249 жағдайда алған білімі маңызды емес, — дейді Ирина Торопова.
Бұған дейін СҚО-да қырықтан астам су айдынын санитар дәрігерлер бақылауға алғанын жазған едік.