СҚО-да «КамАЗ» көлігі 12 жасар қызды басып кетті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «КамАЗ» жүргізушісі велосипедшілермен соқтығысып, салдарынан 12 жасар қыз мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да «КамАЗ» көлігі 12 жасар қызды басып кетті

Оқыс оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Оқырмандардың айтуынша, қаза тапқан велосипедші спорт мектебі жаттықтырушысының қызы болған.

Жол-көлік оқиғасы жайында кейін СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.

«14 қыркүйек күні сағат 10.00 шамасында Қызылжар ауданы аумағында, «Петропавл-Жезқазған автожолының 953 шақырымында жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан велосипед мінген 12 жастағы қыз жүк көлігінің астына түсті. Апат орнына Қызылжар аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы барды. Анықталғаны, «КамАЗ» көлігінің 31 жастағы жүргізушісі велосипедшілермен бір бағытта Петропавлға бара жатқан. Спорт мектебінің тәрбиеленушілері әуежай жақтан шыққан екен. Оларға ілескен «Газель» көлігі болған», - делінген хабарламада.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан қыз бала сол жерде қаза тапты.

Бұл факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне «Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша енгізілді.

Қылмыстық іс аясында барлық тиісті сараптамалар жасалып, апат жағдаяты анықталатын болады.