СҚО-да қандай жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі уақытта 2,1 мыңға жуық жұмысшы мамандықтардың орны бос тұр.

СҚО-да қандай жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары
Фото: Астана қаласының әкімдігі

СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловтың айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығында тракторист-машинистер жетіспейді. Еңбек нарығында түрлі профильдегі электриктер, дәнекерлеушілер, сантехниктер тапшылығы бар. Осы мәселені шешу үшін жұмысшы мамандықтарына оқытатын колледждерде биыл мемлекеттік тапсырыс 39-дан 45% дейін ұлғайтылмақ.

— Бүгінде өңірде 11 мың студенті бар 24 колледж жұмыс істейді. 24 колледждің 13-і жұмысшы мамандықтары бойынша даярлайды. Бұл — 3 мыңнан астам студент. Сондай-ақ, 3 мыңға жуық жасты дуалды оқумен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда қалалық колледждер 100% толық болса, ауылдық оқу орындарында профицит бар. Сондықтан, облыс бойынша жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру аясында өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаттарын, жұмысшы мамандар жас көшбасшыларының форумын, шеберлік сағаттарын өткізу, жаңа кәсіптер атласын әзірлеу жоспарланған, — дейді Жүсіп Жұмағұлов.

Бұған дейін СҚО-дағы колледждер өңір экономикасының 11 негізгі саласы бойынша: ауыл шаруашылығы, құрылыс және коммуналдық шаруашылық, өнеркәсіп, энергетика, көлік, ақпараттық технологиялар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, қызмет көрсету саласы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша даярлайтынын жазған болатынбыз. 

Жалпы 67 мамандық және 105 біліктілік бойынша оқытады.

Соңғы жаңалықтар