СҚО-да қарақшылар ер адам мен оның 12 жастағы жиенін байлап, үйді тонаған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер қарақшылық шабуылға күдікті төртеуді ұстады. Олар Тайынша ауданында тұрғынның үйіне баса-көктеп кіріп, шамамен 640 мың теңгенің дүниесін алып кеткен.

 СҚО ПД баспасөз қызметі
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Ведомствоның мәліметінше, қылмыс 9 тамызға қараған түні жасалған. Белгісіз адамдар 41 жастағы ауыл тұрғынының үйіне кіріп, оны және 12 жастағы жиенін скотчпен байлап, үйдегі бар ақшаны, екі ұялы телефонды және алтын бұйымдарды қолды қылған. 

 СҚО ПД баспасөз қызметі
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Қылмыскерлер үйден шығып кеткеннен кейін бала қолының скотчын тісімен жұлып, босаған. Кейін жақын маңдағы учаскелік полиция инспекторының үйіне барып, болған жағдай туралы хабарлаған. 

 СҚО ПД баспасөз қызметі
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Полицияның барлық күштері дереу күдіктілерді іздеуге жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары есепте тұрған адамдарды тексеріп, ауылға келген адамдар мен бөтен көліктер туралы ақпарат жинады.

«Нәтижесінде күдікті ретінде СҚО мен Ақмола облысының 30 бен 38 жас аралығындағы төрт тұрғыны анықталды. Тайынша ауданының полиция бөлімі және криминалдық полиция басқармасының жедел қызметкерлері оларды Астана қаласының аумағында ұстады. Қазіргі уақытта айыпталушының үшеуі қамауға алынды. Ұрланғанның бір бөлігі тәркіленіп, тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - дейді СҚО Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Күдіктілердің қарақшылық шабуыл жасағаны дәлелденген жағдайда сот үкімімен олар 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

 СҚО ПД баспасөз қызметі
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Бұған дейін СҚО-да artemia salina шаянының 24 тонна жұмыртқасын заңсыз өндіргендер ұсталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар