СҚО-да қараша айында ауа райы қандай болады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Қараша айында Солтүстік Қазақстан облысында ауа райы нормадан жылы болады деп болжанған.

«Қазгидромет» кәсіпорны күздің соңғы айының ауа райы болжамын жасады.
Синоптиктердің айтуынша, айлық орташа температура -4,8...-6°С шамасында болмақ, бұл климаттық нормадан 1 градусқа жоғары (норма: -5,9...-7,2°С).
Айдың бірінші және екінші онкүндігінде ауа райы құбылмалы болады. Бұл кезең жауын-шашынды болып, қар аралас жаңбыр, жабысқақ қар, кей күндері арты көктайғаққа айналатын жауын жауады. Ауа температурасы түнде 0...-5°С-тан -10...-15°С-қа дейін, күндіз +3...+8°С жылыдан -7...-12°С суыққа дейін ауытқып отырады.
Көліктің дөңгелектерін қысқы шинаға ауыстыра беруге болады. Өйткені мамандардың айтуынша, айдың басында қар түсіп жатпағанымен, ай бойы жиі көктайғақ болмақ. Желдің екпіні кей күндері 15-20 м/с-қа дейін жетеді деп болжанған. Бірінші онкүндіктің соңында, екінші және үшінші онкүндіктердің басында боран соғуы ықтимал. Екінші онкүндіктің ортасынан бастап тұрақты қар жамылғысы қалыптаса бастайды.
Үшінші онкүндікте жауын-шашын аз болмақ. Температура біртіндеп төмендеп, түнгі уақытта -20...-25°С, ал күндіз -15...-20°С қатты аяз тұрады.
Қараша айындағы жауын-шашын мөлшері 25-40 мм шамасында болады деп болжанған, бұл облыстың басым бөлігінде нормадан жоғары, норма: 21-36 мм.
Бұған дейін 16 қазан күні синоптиктердің мәліметінше, бүгін Ақтөбе, Алматы және Павлодар қалаларында атмосфераның ластануына ықпал ететін қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасатынын жазған едік.