СҚО-да қарттар үйінде тұрып жатқандардың ең үлкені — 98 жаста
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында мемлекет қарамағындағы екі қарттар үйі жұмыс істейді. Өкінішке қарай, мұндай орталықтарға сұраныс бар, жылда қарттардың интернат-үйлері 50 шақты адамды қабылдайды.
Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы деп аталған бұл мекеменің біреуі Аққайың ауданының орталығы Смирнов елді мекенінде орналасқан.
275 орынға шақталған қарттар үйінде қазір 235 адам тұрып жатыр.
Екіншісі Тайынша ауданында орналасқан. «Надежда» атты қарттар үйі 100 орындық, бүгінде 89 адам тұрады.
«Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өз бетінше өмір сүруге қауқарсыз, денсаулығына байланысты стационар жағдайында арнаулы әлеметтік көмекке мұқтаж қарттар мен мүгедектігі бар адамдар тұрады. Бұл мекемеге ережеге сәйкес бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалары жоқ қарт адамдар, балалары болса да объективті себептер бойынша, мәселен, бірінші, екінші топтағы мүгедектігі, онкологиялық, психикалық аурулары бар, бас бостандығынан айыру орындарында жүрген, психикалық денсаулық орталығында есепте тұрған немесе бас бостандығынан айырылғандықтан тұрақты көмек пен күтімді қамтамасыз етпейтін зейнеткерлер қабылданады. Десек те, әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қазіргі уақытта толық емес, орналасу үшін кезекке тұрғандар жоқ», — дейді СҚО жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасов.
Жыл сайын орталықтарға орта есеппен 50-ге жуық мұқтаж азамат жіберіледі. Биыл Смирновтағы қарттар үйі 32 адамды, «Надежда» орталығы 10 адамды қабылдаған.
Жалпы, өңірдегі әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұрып жатқандар қарт адамдардың орта жасы — 75-те. Жасы 90-нан асқандар алтау, соның ішінде ең жасы үлкені — 98 жастағы әйел. Смирнов қарттар үйінде 27, «Надежда» орталығында 9 қазақ тұрып жатыр.
«Мекемелерде нормаға сәйкес бес реттік тамақтандыру бар. Арнайы жарақтандырылған кабинеттерде сүйікті істерімен айналыса алады, шеберханалар жұмыс істейді. Көркем өнер үйірмесі ашылған, орталықта түрлі кештер, концерттер, спорттық іс-шаралар, экскурсиялар ұйымдастырылады. Денсаулықтары да үнемі назарда, массаж, стоматологияға, физио емдеуге және емдік дене шынықтыруға арналған кабинеттер бар», — дейді Ринат Елжасов.
Бұған дейін СҚО-да қасақана алимент төлеуден жалтарғандардың борышы 250 млн теңгеден асып кеткендігін жазған едік.