СҚО-да қасақана алимент төлемеушілердің қарызы 338 млн теңгеден асты

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл алимент бойынша қарызы бар 16 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

алимент
Фото: Kazinform

СҚО прокуратурасының мәліметінше, қараша айында кәмелетке толмағандарға арналған мамандандырылған ауданаралық сот борышкердің ісін қарады. Ер адам баласы алдындағы міндеттемені алты айдан астам орындамаған. Оның алимент бойынша берешегі 3,2 миллион теңгеге жеткен. Сот шешімімен оның бас бостандығы бір жылға шектелді.
Қазіргі уақытта тағы бір борышкердің ісі сотқа жетті, тағы екі қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, алимент өндіру туралы сот актілерін орындамаған 158 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 54 іс тікелей прокурорлардың бастамасымен қозғалған.
Соттардың қаулысымен 91 борышкер 1 тәуліктен 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынса, 3 борышкер 10 сағаттан 20 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылды. Бұдан бөлек, 64 алимент төлеушіге жалпы сомасы 1,2 миллион теңге айыппұл салынды, оның 705 мың теңгесі өндірілді.

Борышкерлерге қатысты өзге де мәжбүрлеу шаралары кеңінен қолданылады. Мәселен, 44 алимент төлеушіге елден шығуға, 103 борышкердің мүлкіне ыйым салынды. Сот орындаушылардың ұсыныстары бойынша 97 борышкердің көлік құралдарын басқару құқығы уақытша шектелді.

Іздеу жарияланған 71 борышкердің 44-інің жүрген жері анықталды. Сонымен қатар, алимент өндіріп алу мәселесі бойынша жыл басынан бері атқару органдарына заң бұзушылықтарды жою туралы 18 ұсыну енгізіліп, 20 сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Алимент төлеушілерді жұмыспен қамту бағытында 58 іс-шара ұйымдастырылып, нәтижесінде 325 борышкер тұрақты жұмыспен қамтылды.

Прокурорлардың айтуынша, мұның бәрі нәтиже беріп жатыр. Алимент бойынша жалпы берешек көлемі 2,6 млрд теңгеден 1,5 млрд теңгеге дейін қысқарды. Қазіргі таңда өңір бойынша есепте тұрған 10 мың борышкердің 304-і қасақана алимент төлемеушілер санатына жатады. Олардың жалпы қарызы 338 млн теңге.

Бұған дейін Алматыда 4 млн теңге ұтып алған ер адам алимент төлемей келгені үшін сотталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар