СҚО-да қатты аяз басталғалы 9 адамды үсік шалып, медициналық көмек алды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 45 адамды үсік шалса, оның 9-ы дәрігерлерге өткен аптада қаралған.

үсік шалды
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

СҚО-да қыс қайта қаһарына мініп, аяздың тұрғанына бір аптаға жуықтады. Ескерту берілгенімен, сақтанбай, үсікке ұрынып, дәрігерлердің көмегі қажет болған сырқаттар саны артқан. Мамандардың айтуынша, далада ұзақ жүру, ауа райына сай киінбеу, суықты елемеу, кейде тіпті спирттік ішімдіктердің әсері үсік шалуға әкеледі. 

Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, көшеде жарақат алушылар саны да азаймай отыр. Тәулігіне орта есеппен 50-60 адам медициналық көмекке жүгінеді. 

«Негізінен аяқ-қолдарын сындырып түсіп жатыр. Жарақат бөлімінде оларға барлық тиісті ем-дом беріледі. Ал жалпы жыл басынан бері жедел медициналық жәрдем ауруханасына жарақат алған 1304 адам келіп, қаралған», - дейді аурухананың баспасөз хатшысы Екатерина Белоусова.

Соңғы жаңалықтар